31.10.2013

Шаһарымызда қызыл жалынның қауіптілігі арта түсті

Апат айтып келмейді. Қараша қабақ көрсеткелі шаһарымызда қызыл жалынның қауіптілігі арта түсті. Қазірдің өзінде 54 нысан өртке оранып, 4 адам қаза тапқан. Өрт қауіпсіздік ережелері жайында Айжан Шамшидин толығырақ.

Мына үйдің дарбазасын аттай сала, қызыл әтештің қырсығы қай жерден басталатынын түсінесің. Жер үйге келген бойда төтеншеліктер талай уақыт тазаланбаған мұржалар, өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес салынбаған жылыту пеші мен әр жерде шашылып жатқан арақ-шарап бөтелкелерінің куәсі болды. Жалпы ресми статистикаға көз жүгіртсек, өрттің тұтануына көбіне маскүнемдер мен нашақорлар сеп болады екен.

Гүлшат ДӘУРЕНБЕКОВА, Алматы қ. өртке қарсы қызметтің баспасөз хатшысы:

- Біздің учаскелік полиция, аудандық инспекторлар әрбір үйде қандай арақ ішетінін, шылым шегетін, сөйтіп, төсекте ұйықтап қалатын жағдайлар кездеседі. Сондай-ақ, мына біздің ішкі істер қызметтерімен бірге бізге оңайыраққа түседі. Арнайы олармен құрған жоспарларымыз бар.

Жалпы төтеншеліктер жылу маусымы басталысымен жер үйлердің дайындығын тексеруді бастайды. Арнайы ескертпе қағаздар таратады. Қарапайым өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан, биылғы жылдың өзінде 54 үй өртке оранған. Нәтижесінде қызыл жалын 4 адамның өмірін қиған.

Мақсат БӘКЕЛОВ, Алматы қ. Мемлекеттік өрт қауіпсіздігін бақылау департаментінің бас маманы:

- Төтенше жағдайлар департаменті жеке сектордың тұрғындарына мұржаларды жарты жылда бір рет тазартып тұру керек екендігін ескертеді. Сондай-ақ, ыстық температурадан, жер сілкінісінен пайда болған жарықшаларды сылап тұру керек.

Айтып келмейтін апат түрімен күресті мамандар үздіксіз жүргізіп жатса да, қайғылы оқиғалар тізбегі тоқтар емес. Мәселен, кеше ғана шаһарымыздағы «Әйгерім» ықшамауданында газ құбырын дұрыс орналастырмаудың нәтижесінде 23 жасар келіншек пен оның 2 баласы жан тәсілім етті.

Айжан Шамшидин, Тоқмолда Құсаинов, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир