31.10.2013

Шағын кәсіпкерлер кедергілерге тап болды

Шағын кәсіп иелері бизнесті дөңгелету үшін бірқатар кедергілерге тап болуда. Бір жағынан жиі келетін тексерулер мазаны алса, екінші жағынан постерминал арқылы қыруар қаржыны қалтасына басып отырған банктер бас көтертпейді. Бүгін Алмалы ауданының прокуратурасы кәсіпкерлердің көкейіндегі мәселелерді анықтап, шешу мақсатында «Шенеунік және кәсіпкер» атты акция ұйымдастырды.

Заңсыз тексерулердің жолын кесу үшін ең алдымен кәсіп иелерінің сауатын ашу керек. Осы мақсатта құзырлы орындар мен Алмалы ауданы прокуратурасының өкілдері қаламыздағы сауда нүктелерінің бірінде кәсіпкерлермен кездесті. Жиын барысында оларға тексеру келген жағдайда не істеу керектігі, заңсыз жағдайлар орын алғанда кімге хабарласу қажеттігі жөнінде кеңестер берілді.

Қанат БАЙТЛЕНОВ, Алмалы ауданы прокурорының аға көмекшісі:

- Егер шағын бизнес болса, 3 жылда бір рет тексеріледі. Интервал міндетті түрде сақталу керек.

Сондай-ақ, ұйымдастырушылар осындай құнды кеңестер мен кәсіпкерлік қызметті реттейтін заң нормаларын тізіп, кітап етіп шығарыпты. Тіпті тексерушілер келе қалған жағдайда, оларды тіркеп отыратын журнал да берілді. Ол заңсыз тексерушілерді анықтап, шара қолдану үшін маңызды болмақ.

Клара, кәсіпкер:

- Бұл кітаптар біздің заңдар мен қаулыларды білуімізге, сауатымызды ашуымызға оң әсерін тигізетіні анық. Шын мәнінде өз құқықтарымызды қорғауымызға ықпал етеді деп ойлаймын.

Бүгінгі жиында кәсіпкерлерге кедергі тудырып отырған тағы бір жағдай - постерминалдар екені белгілі болды. Айтуларынша, банк олардан ақша алудың түрлі амалын тапқан. Кәсіпкерлер бұл аппаратты банктерден 87 мың теңгеге сатып алады екен. Онымен қоймай, банк әр операция сайын 2-3 пайыз ұстап отырады. Одан бөлек постерминалды пайдаланғаны үшін ай сайын кәсіпкер 1600 теңге төлеп отыруы тиіс. Ал бұл құрылғыны 2014 жылдың 1 қаңтарына дейін алмағандар айыппұл төлейді.

Клара, кәсіпкер:

- Бұл негізі жақсы бастама, бірақ шетелдегідей оны жан-жақты ойластырмаған. Мен неге банкке сонша қаржы беріп отыруым керек? Мен постерминалды басқа жерден 10 долларға сатып ала алам. Бірақ, банк сертификаттап, 87 мыңға сатады. Қазір карта арқылы сауда жасайтындар жоқтың қасы, бірақ пайдаланбасам да ақша төлеймін. Біз ақшаны күректеп тауып отырған жоқпыз, әрең күн көрісімізге жеткіземіз.

Осы сынды проблемалардың барлығын хаттамаға толтырған ұйымдастырушылар, бұл мәселені құзырлы орындарға жеткізіп, 2 аптадан соң қайта кездесуге уәде етті. Жалпы бүгінге дейін Алмалы ауданы прокуратурасының жедел тобына 20 шақты кәсіпкерден заңсыз тексеру жөнінде шағым келіп түсіпті. Оның 5-уі расталған.

Әлия Алмауытова, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир