18.07.2016

Қазақстанда террористік қауіптің сары деңгейі ұзартылды

Қазақстанда террористік қауіптің сары деңгейі тағы 30 күнге ұзартылды. Бұл туралы еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. 5маусымда Ақтөбеде болған содырлар сойқанынан ондаған адам ажал құшып, елімізде террорлық қауіптің сары деңгейі, ал, Ақтөбеде қызыл деңгейі енгізілген еді. Бүгінде құзырлы орындар қауіптің бар-жоғын әлі тексеруде.

Осыдан бір айдан астам уақыт бұрын ойламаған жерде Ақтөбеде лаңкестер лаң салып, елдің тыныштығын әп сәтте бұзған еді. Алдымен қару-жарақ дүкенін тонап, маңызды нысандарды басып алмақ болған қылмыскерлер ондаған адамды ажал құштырды. Бұдан кейін еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті 40 күн қауіптің «сары» деңгейін жариялаған болатын. Бұл режим тағы 30 күнге ұзартылды. Жалпы, «сары» деңгей деген болуы ықтимал террористік және экстремистік күштеу акциялары туралы ақпараттарды жинау, бағалау және тексеру қажеттігін білдіреді. Алайда, мүлдем қауіп жоқ деп, босаңсуға болмайды, дейді ардагер сақшы.

«Сары деңгей дегеніміз - аса қатаң нәрсе емес. Бұл құқық қорғау органдарының күдікті адамдарды, құжатсыз жүрген адамдарды тексереуге бағытталған. Яғни, айтқан кезде кездейсоқ жағдай болуы мүмкін. Бұл «Ойбай, ертең анда, мында жарылыс болады, топалаң болады» деген сөз емес. Бұл тек өзіміздің тыныштығымызды сақтау, содан кейін қауіптің жоқтығына көз жеткізу. Қауіптің жоқтығына көз жеткізсек, бәрін бақылауға алсақ, сары деңгей жойылады да бұрынғыдай бола береді», - деді Генералдар кеңесі президиумының мүшесі Еркін МҰСАБАЕВ.

Әуежай, теміржол бекетінен басқа да стратегиялық маңызды нысандарда қауіпсіздік сол қалпы қатаңдатылған. Алматы әуежайында, өткен қырық күнде үрей туғызатын ешқандай жағдай болмапты. Жолаушыларды тексеру бірнеше бекеттерде жүргізіліп жатыр. Бірақ, қосымша бекеттер нақты қашанға дейін тұратыны белгісіз

«Бұл сұрақ қазір құзырлы орган мен Мәжіліс деңгейінде қаралып жатыр. Қандай да бір шешімі шығу керек. Бірақ үкімет басшысының қатаңдату туралы тапсырмасы бар. Сондықтан, нендей шешім болса да, қауіпсіздік шарасы күшейтілетін болар», - деді «Халықаралық Алматы әуежайы» АҚ вице-президенті Серік МҰҚТЫБАЕВ.

Қауіпсіздік шарасын сақтау тек ғана құзырлы орын қызметкерлерінің ғана міндеті емес. Бұған қарапайым халықта ат салысуы керек, дейді сарапшы мамандар. Егер көше бойынан күдікті зат немесе жүріс-тұрысы күмән тудырған адамды көрсеңіз бірден полицияға хабар беру қажет. Бұл біреуді сыртынан сату емес, керісінше отандастарыңызбен отбасыңыз үшін жасаған қауіпсіздіктің басы болуы мүмкін.

Үмбетәлі Меймеш, Нұрбол Қызықбаев, «Алматы» телеарнасы 

Прямой эфир