Президент: Абай – ұлтымыз бен жұртымызды танудың төте жолы

10.08.2020 14:16

Ұлы ақын бізге мазмұндық тұрғыдан өлшеусіз, халық­тың рухани азығына айнал­ған мұра қалдырды

Фото: Владислав Воднев

Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетінде жарық көрген «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында Ұлы ақынның мұрасы мен өнегесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Ұлы данышпан елдік мүддені әрдайым жоғары қоюға, алған білім мен тәжірибені халық игілігіне жұмсауға шақырды. Бүкіл адамзат үшін даму үрдісін осындай ұстаным арқылы ұғыну әрдайым маңызды болмақ. Абай – біздің ұлтымыз бен жұртымызды танудың төте жолы. Ұлы ақын бізге мазмұндық тұрғыдан өлшеусіз, халық­тың рухани азығына айнал­ған мұра қалдырды. ХХІ ғасырға қадам бассақ та, Абайдың көзқарасы заманауи ізгілік қағидаттарына және Қазақстан қоғамының басты құндылықтарына, оның бірлігі мен берекесіне толықтай сай келетіндігіне тағы да бір мәрте көз жеткіземіз», – деді Президент. 

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Ұлы кемеңгер ұлттың рухани мәдени, адами бет-бейнесін асқан көрегендікпен сипаттаған. Оның ұлылығы да осында екенін атап өтті. 

«Абайдың даналық сөздері қазақ халқының алтын тұғыры, түп негізімізге үңіліп, ұлттық ұстынымызды іздеген көп­теген ұрпақтың басын біріктіретін мәң­гілік рухани тірек болып қала бермек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары» деген болатын. Бұл тұжырым бізді ақын әлеміне терең бойлауға, жаңаша ойлауға міндеттейді»,– дейді ол.