Ұлы ойшылдың 175 жылдығында осындай дербес күннің белгіленуі өте орынды бастама
Абай мұрасы – отаншыл, адал, парасатты, білімді, білікті ұрпақ тәрбиелеудің негізі. Мұндай пікірді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Баршаңызды елімізде алғаш рет ресми түрде аталып өтіп жатқан Абай күнімен құттықтаймын! Бұл – қазақ үшін тарихи оқиға, зор қуаныш және ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың жаңа белесі, елдік пен егемендіктің жарқын көрінісі. Ұлы ойшылдың 175 жылдығында осындай дербес күннің белгіленуі өте орынды бастама. Өйткені санамызды жаңғыртып, сапамызды арттыруда Абай еңбектерінің алар орны ерекше. Сондықтан бұл шешімді бас ақынға ғана емес, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, білімі мен ғылымына, тұтас ұлт руханиятына көрсетілген зор құрмет деп қабылдаймыз»,– деп жазды Мәулен Әшімбаев Facebook парақшасында.
Оның пайымынша, Абай мұрасы отаншыл, адал, парасатты, білімді, білікті ұрпақ тәрбиелеудің негізі деп айтсақ та артық болмайды. Сол себепті, ұлы ақынның шығармаларын қазіргі заманның талаптары мен тетіктерін ескере отырып, кеңінен насихаттаған жөн.
«Осыған орай Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің « Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан « атты мақаласында көптеген өзекті мәселелерді көтеріп, ұтымды ойларын ортаға салғанын жақсы білеміз. Мемлекет басшысы бүгін «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында да ұлы ойшылдың ілімі қазіргі бірқатар бағыттарға орайлас келетініне назар аударып, елді білім игеруде, тәрбие мәселесінде, жаңа кәсіп үйренуде және ынтымақ-бірлікте Абайға жүгінуге шақырады. Шын мәнінде, ұлт ұстазының ұлағаты – ешқашан маңызын да, құндылығын да жоғалтпайтын өнеге, өшпес өсиет»,– деді ол.
Сенат спикерінің атап өтуінше, ең бастысы, ақынның еңбектерін дәріптегенде науқаншылыққа жол бермеген абзал.
«Президентіміз айтқандай, ғұламаның мерейтойы той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани дамуымыз үшін қажет. Осы тұрғыдан келгенде бүгінгі мерекенің мән-маңызы айрықша, көтерген жүгі ауыр екенін ұғамыз. Ендеше ұлтымыздың өркениет өріне жасаған кезекті қадамы ұзағынан болғай! Ұлы ойшылдың шығармалары халқына рухани қызметін жалғастыра берсін! Абай күні құтты да қайырлы болсын! Қазақ елі мәңгі жасасын»,– деді Мәулен Әшімбаев.