Павлодарда Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылды

Pavlodarnews.kz
Pavlodarnews.kz
Ойшылдың 175 жылдығына орай Қазақстанда 10 қала мен ауылда ескерткіш орнатылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақын, философ және ойшылдың 175 жылдығына орай Қазақстанда 10 қала мен ауылда ескерткіш орнатылды. Бүгін Павлодардың орталық алаңында ақын ескерткішінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Ескерткіш қоладан құйылып, азотты қышқыл күміспен өңделген. Оның тұғыры граниттен жасалған. Абайдың мүсінінің биіктігі 5 м, ал ескерткіштің жалпы биіктігі 8 м. Тұғырға ойшылдың адамдар арасындағы қайырымдылық, достық пен бауырластық туралы: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп ...» деген сөзі жазылған.

Ескерткіштің авторы – мүсінші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Баянауылдағы Шәкен Айманов монументінің және Қазақстандағы басқа да ескерткіштердің авторы Асқар Нартов. Оның эскиздік жобасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігіндегі Қазақстандағы орнатылатын монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссия таңдап алды.

Ескерткішті облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбілов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев, сондай-ақ әдебиет пен өнер бойынша Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғарифолла Есім ашты.

«Бұл хәкім Абайдың ескерткіші құндылықтар мен руханиятты еске салып тұратын қасиетті мүсін. «Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде, Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме!» деген Абай атамыз. Абайдың қай сөзін алмасақ та, бәрінің астары бір – ол адамшылық, ақыл мен абырой сияқты адами құндылықтарды дәріптейді. Оның әр сөзі осы жерде тұрған адамдардың жанына қуат, рухына жігер, санасына ақыл беретініне сенімдімін. Осындай ұлы да дара тұлғаның арқасында елдікті жанынан жоғары қоятын өр мінезді, дарынды ұрпақ өсіп келе жатқанына да куәміз», – деді Әбілқайыр Сқақов.
Ашылу салтанатына әдебиет, мәдениет және өнер қайраткерлері, журналистика ардагерлері қатысып, ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қаланың көрікті орындарының біріне айналатынына сенім білдірді.

Павлодар облысының әкімі ескерткіштің ашылуынан кейін облыстық кітапханада шығармашыл жастармен кездесті. Оған қоса, биыл «Заманауи мектеп» бағдарламасы бойынша жөндеуден өткен Абай атындағы гимназияға барды.



Новости партнеров