Қысқы күн тоқырауы: ғалымдар 2026 жылдың ең қысқа күнін атады
Солтүстік жартышарда жазда Күн көкжиектен барынша жоғары көтерілсе, қыста ең төмен деңгейде болады
Қысқы күн тоқырауы – жыл сайын желтоқсан айының соңында болатын астрономиялық құбылыс. Ол астрономиялық қыстың басталуын білдіреді. Бұл – Күннің көкжиектен ең жоғары немесе ең төмен нүктеге көтерілетін жылдағы екі кезеңнің бірі. Қысқы күн тоқырауы кезінде Жердің Солтүстік жарты шарында жылдың ең қысқа жарық күні байқалады, деп хабарлайды Almaty.tv.
2026 жылы қысқы күн тоқырауы қашан болады?
Lenta.ru басылымының жазуынша, ХХІ ғасырда қысқы күн тоқырауы кібісе жылға байланысты 21 немесе 22 желтоқсанда болады. Кібісе жылдан бұрынғы жылы бұл құбылыс 22 желтоқсанға сәйкес келеді. Алайда алдағы уақытта оның басқа күндерге түсуі де мүмкін. Мәселен, ең қысқа күн 20 желтоқсанға 2080 жылы, ал 23 желтоқсанға тек 2303 жылы сәйкес келеді.
2026 жылы қысқы күн тоқырауы 21 желтоқсанда болады.
Бұл күні Солтүстік жарты шарда қысқы күн тоқырауы болса, Оңтүстік жарты шарда, керісінше, жазғы күн тоқырауы байқалады.
Қысқы күн тоқырауы дегеніміз не?
Күн тоқырауы Күннің аспан экваторынан барынша алыстаған сәтінде болады. Яғни Күн Жер экваторына қатысты солтүстікке немесе оңтүстікке қарай ең үлкен ауытқуға жетеді.
Мұндай құбылыс жылына екі рет болады. Оның бірі – жазғы күн тоқырауы, яғни жылдың ең ұзақ күні, екіншісі – қысқы күн тоқырауы, яғни ең ұзақ түн. Солтүстік жарты шарда жазда Күн көкжиектен ең биік нүктеге көтерілсе, қыста ең төмен деңгейде орналасады.
2026 жылғы 21 желтоқсанда жарық күннің ұзақтығы шамамен 7 сағат болады
Күн тоқырауына дейінгі және одан кейінгі бірнеше күнде талтүстегі Күннің аспандағы орны айтарлықтай өзгермейді. Құбылыстың «күн тоқырауы» деп аталуы да осыған байланысты.
Осы кезеңде Солтүстік поляр шеңберінен (солтүстік ендіктің 66,5 градусы) жоғары орналасқан аумақтарда поляр түні басталады. Бұл кезде Күн көкжиектен бір тәуліктен астам уақыт бойы көтерілмейді. Поляр түнінің ұзақтығы нақты географиялық орынға байланысты әртүрлі болады. Мысалы, Ресейдің Мурманск қаласында поляр түні 2 желтоқсаннан 10 қаңтарға дейін созылады. Оның ұзақтығы – 40 күн.
Поляр түні кезінде солтүстік аумақтарда күн сәулесі түспейді. Бұл уақытта тәуліктің бір бөлігін ымырт жарығы алмастырады.
Солтүстік жарты шарда қысқы күн тоқырауы астрономиялық қыстың басталуын білдіреді. Бұл кезеңде Күн эклиптика бойымен қозғалып, аспан экваторынан барынша алыстайды. Астрономиялық қыс көктемгі күн мен түннің теңелуіне дейін жалғасады. 2027 жылы бұл құбылыс 20 наурызға сәйкес келеді. Сол күні күн мен түннің ұзақтығы теңеседі. Ал көктемгі күн мен түн теңелгеннен кейін күндізгі жарық уақыты түннен ұзара бастайды.
Осылайша, Солтүстік жарты шарда астрономиялық қыс 2026 жылғы 21 желтоқсаннан 2027 жылғы 20 наурызға дейін жалғасады.
Айта кетейік, Солтүстік жарты шарда астрономиялық күз бен қыс Оңтүстік жарты шардағы осы маусымдарға қарағанда шамамен бір аптаға қысқа болады. Бұл Күннің орбита бойымен қозғалу жылдамдығына байланысты. Солтүстік жарты шарда қыс кезінде Күн жылдамырақ қозғалады. Сондықтан көктемгі және күзгі күн мен түн теңелуінің арасы 186 күн болса, күзгі және көктемгі теңелу аралығы 179 күнді құрайды.
Қысқы күн тоқырауы неліктен болады?
Қысқы күн тоқырауы Жер орбитасының ерекшеліктері мен айналу осінің көлбеулігіне байланысты болады. Жер Күнді эллипс тәрізді орбита бойымен айналады, ал планетаның айналу осі орбита жазықтығына қатысты шамамен 23,4 градусқа көлбеу орналасқан. Жердің Күнге қатысты осындай орналасуы жыл мезгілдерінің ауысуына, сондай-ақ қысқы және жазғы күн тоқырауына себеп болады.
Жылдың әр кезеңінде Жердің Күнге қатысты орналасуы осы көлбеулікке байланысты өзгеріп отырады. Солтүстік жарты шар Күннен кері қарай еңкейген кезде қысқы күн тоқырауы болады. Бұл уақытта Күн аспандағы ең төмен нүктесіне жетіп, Солтүстік жарты шарда жылдың ең қысқа күні мен ең ұзақ түні байқалады.
Ал жазғы күн тоқырауы кезінде Солтүстік жарты шар Күнге қарай еңкейеді. Соның нәтижесінде бұл аймақта жылдың ең ұзақ күні мен ең қысқа түні болады.
Қысқы күн тоқырауына қатысты халық болжамдары
Халық арасында қысқы күн тоқырауына байланысты түрлі болжамдар бар:
- Егер бұл күні күн суық әрі желді болса, қыс боранды және аязды болады деген сенім бар.
- Ағаштарды қырау басса, келер жылы егін мол болады деп болжаған.
- Бұл күні күн бұлтты болса, көктем ерте келеді, ал аспан ашық болса, қыс ұзаққа созылады деген наным бар.
Қысқы күн тоқырауында қандай дәстүрлер бар?
Қысқы күн тоқырауында тілек тілеу дәстүрі бар. Ол үшін адам өзінің ең асыл арманын қағазға жазып, оны өртейді. Қағаз жанғаннан кейін қалған күлді жинап, желге шашу керек деген түсінік болған.
Тілек тілеудің тағы бір тәсілі – гүл құмырасына өсімдік тұқымын отырғызу. Өскінді көктемге дейін күтіп-баптап, күн жылынған соң далаға отырғызады.
Кейбір наным-сенімдер бойынша, қысқы күн тоқырауында көпшілік болып думанды мереке өткізу рухтарды мазалауы мүмкін. Сондықтан жылдың ең қысқа күнінде шулы кештер мен мерекелер ұйымдастырмаған жөн деп есептелген. Бұл күнді отбасымен тыныш өткізген дұрыс деген түсінік бар.
Әлем елдерінде қысқы күн тоқырауы қалай атап өтіледі?
Басқа халықтар да қысқы күн тоқырауын ерекше атап өткен. Мәселен, скандинавиялықтар бұл күні Йоль мерекесін тойлаған. Бұл дәстүр бүгінге дейін неопұтқа табынушылар үшін маңызды мерекелердің бірі саналады.
Ертеде осы күні көне құдайлардың көңілін табу үшін құрбандық шалу рәсімдері өткізілген. Тағы бір дәстүр бойынша, ағаш бөренені өртеп, оның бірнеше күн бойы жанып тұруын қадағалаған. Уақыт өте келе бұл дәстүр өзгеріп, оның негізінде «Рождестволық бөрене» деп аталатын тәтті десерт пайда болған.
Йоль мерекесінің кейбір дәстүрлері кейін католиктердің Рождество мейрамына енген. Оның 25 желтоқсанда тойлануы да жылдың ең ұзақ түніне жақын уақытқа сәйкес келуімен байланыстырылады.
Оқи отырыңыз: Дәрігерлер күндіз қанша уақыт ұйықтау керек екенін айтты