Абай 175: Көкшетауда көпқабатты үйдің қабырғасына Абайдың суреті салынды

11.08.2020 17:03

Стрит-арт композициясымен әрленген суретте қолына қаламы мен кітабын ұстаған ақын бейнеленген

inform.kz

Ұлы Абай 175 жылдығына орай Көкшетаудағы Абай көшесінің бойындағы тұрғын үйдің қас бетіне ақынның алып суреті салынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Стрит-арт композициясымен әрленген суретте қолына қаламы мен кітабын ұстаған ақын бейнеленген. Суретте ақынның «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңінің «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста. Сонда толық боласың елден бөлек» бір шумағы келтірілген. 

Портретті жергілікті «Design city» компаниясының суретшілері салды. Сурет нобайының авторы Кәмилә Әбішева, ал оны жүзеге асырған граффитист Ернұр Сәрсекеев. 

Қала тұрғындарының айтуынша, стрит-арт суреті қала келбетіне көрік беріп қана қоймайды, оны көрген адамның ұлы ақынның шығармашылық өнеріне қызығушылыған арттырады. 

«Абай көшесінің бойындағы тұрғын үйдің қабырғасына ақынның суреті салынғандығы қуантады. Алып суретті көрген адам ақынның шығармашылығымен бірге, еліміздің тарихына да көз жүгіртеді деп сенемін», – дейді қала тұрғыны Гүлназ Нығметжанова. 

Айта кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, Көкшетауда түрғны үйлердің қабырғаларына тарихи тұлғалардың суретін салу қолға алынған болатын.