Қазақ руханиятына тағы бір құнды дүние қосылды. Ұлы Абайдың мерейтойы қарсаңында Мәскеудің әйгілі «Молодая гвардия» баспасынан профессор Ерлан Сыдықовтың «Құнанбай» атты кітабы жарық көрді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дүниеге Абайдай дара да дана ақынды әкелген Құнанбайдың тұлғасын талай ғылым мен өнер қайраткерлері еңбектерінде зерделеді. Алайда оның тұлғасы мен қызмет тарихы толық зерттелген жоқ, дейді ғалым. Сиясы кеппеген тарихи-ғұмырбаяндық туындыда Құнанбайдың халыққа қызметі мен жеке қасиетін барынша ашуға тырысқанын айтады. Ол қазақтың қамын жеген, кесек ақыл иесі, жүйрік тілді шешен, дала заңдары мен құран қағидаларын жетік білген би болғанын бүгінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат тұттым дейді. Кітап 3 мың данамен жарық көрген. Болашақта бірнеше тілге аударылуы да ғажап емес дейді автор.
«Бұл кітапты жазу кезінде Омбының Новосибирдің, Шығыс Қазақстан, Қазақстанның орталық архиві, Семейдің архивтеріндегі көптеген материалдар алынды. Архив құжаттары бар. Соның ішінде көптеген бұрын айтылып жүрген, я болмаса еркін айтылып жүрген кейбір мәселелерге нақты архивтік материалдарменен көптеген өзгерістер мен түзетулер енгізілді. Бар оның ішінде... Құнанбайды қазір қытай аудармашылары сұрап отыр. Сондықтан ары қарай түріктер аударуы әбден мүмкін. Одан кейін Еуропа тілдеріне аударуылуы әбден мүмкін деп ойлаймын», – деді Еуразия ұлттық университетінің ректоры, профессор Ерлан СЫДЫҚОВ.
Сонымен қатар ғалым ұлы Абайдың да өмірбаяны жіті зерттеуді қажет етеді дегенді алға тартады. Оның өмірі мен еңбегін толыққанды зерттеу - болашақ жас ғалымдардың еншісінде дейді.
«Абайдың ғылыми өмірбаяны әлі жоқтың қасы деп айтамын. Ең басты биографы ол - Әуезов, туған-туысқандарының жазбалары бар. Ал, Әуезовтың Абайдың биографиясын жазбауына септерді өздеріңіз жақсы білесіздер. Идеология рұқсат еткен жоқ. Партиялық принцип сақталмай қалатын болды. Абай өйткені би болған, болыс болған, феодал болған, байдың баласы болған деп оның барлығын жазуға тура келер еді, егер биографиясын жазатын болсақ. Ал, ондай кезде советтік идеология, партиялық принцип сақталмайтын еді де, біз Абайдан айырылп қалуымыз әбден мүмкін еді», – деді Еуразия ұлттық университетінің ректоры, профессор Ерлан СЫДЫҚОВ.
Кітаптың таныстырылымына Мырзатай Жолдасбеков, Өмірзақ Озғанбаев, Алдан Смайыл, Дархан Қыдырәлі т.б. қатарлы осы сала мамандары мен депутаттар, зиялы қауым өкілдері мен тарихшылар қатысты.