Петропавлда жабық мекемеде жазасын өтеуші Абайдың мүсінін жасады

Петропавлда жабық мекемеде жазасын өтеуші Абайдың мүсінін жасады
Ол ұлы ақынның мүсінін небары 4-ақ күнде гипстан жасап шыққан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлы Абайға деген қазақ халқының сүйіспеншілігі қашан да ерекше. Биыл ағартушының 175 жылдық мерейтойы аясында, тіпті абақтыда  отырған азаматтарға дейін ыстық ықыластарын білдіріп, Абай мұрасын кеңінен насихаттауға өзіндік үлестерін қосуда. Мысалы Петропавл қаласындағы жабық мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың бірі Ұлы ақынның мүсінін жасапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қайрөш Айтбаев ЕС 164/3 түзету мекемесінде жарты жылға жақын жазасын өтеп келеді. Абай Құнанбаевтың мүсінін небары 4-ақ күнде гипстан жасап дайындаған. Мүсіннің биіктігі 49 сантиметр, салмағы 4 келі. Колөнерді қазақ ақынының 175 жылдық мерейтойына арнағанын айтады.

«Абайдың мүсінін жасаймын деп кітаптан суретін таптым. Бірақ ақынның түрін өз ойымнан салдым. Суретке қарап, өлшемдерін жасадым. Дене жағын салу аса көп уақыт алған жоқ», – деді жазасын өтеуші Қайрош АЙТБАЕВ.

Сотталушы мүсін жасауды өзі үйренген, қолөнерге деген қызығушылық бала кезімнен бар дейді. Мұндай шығармашылықпен соңғы рет мектеп қабырғасында айналысыпты.  

«Бұрын мектепте еңбек сабағында қолөнерге қызығатынмын. Сосын осында келіп, қолөнер секциясына қатысып жүрмін. Фемида істедім, енді Абай Құнанбаевты аяқтадым. Қазір енді Әл-Аарабидің мерейтойына тұлғаның мүсінін жасаймын ба деп ойлап жүрмін», – деді жазасын өтеуші Қайрош АЙТБАЕВ.

Мүсінді жасау көзге көрінгендей оңай емес дейді сотталушы. Айтуынша, жұмысты аяғына дейін жеткізу үшін шыдамдылық қажет. Бір мүсінді жасап шығару үшін кем дегенде күніне 4-5 сағаттан жұмыс жасау керек дейді.

«Бірінші гипстен пішінін келтіріп аламын. Содан кейін өлшеп, артық жерлерін алып тастаймын. Сосын наждачкамен майдалаймын, наждачный бумагамен. Соның бәріне 3-4 күн кетеді. Сосын сырлаймын.+Түрін, көздерін, қолдарын, құлық жағын шығару қиындау болады. Қалғандары аса қиын емес сияқты. Қолын келтіру, саусақтарын жасау қиындау. Оны мен кейде бөлек жасаймын. Сосын жасағаннан кейін мүсінге қосып жіберемін», – деді жазасын өтеуші Қайрош АЙТБАЕВ.

Қайрөш Айтбаев әрі қарай қолын шыңдап, колөнерді дамытқысы келеді. Болашақта мүсіндерді тапсырыс бойынша жасауды армандайды.

«Біреулер тасырыс берсе жасаймын. Осы жұмыспен айналысқан өзіме ұнайды. Жанымды салып істегенмін Әзірге тек біреуін ғана істедім. Уақыт көп кетті. Екіншісін тезірек істедім. Қазір үйреніп жатырмын», – деді жазасын өтеуші Қайрош АЙТБАЕВ.

Мекемеде шығармашылық секциялардың ашылғанына бірнеше ай ғана болған. Ол жерде сотталушылар мүсіндер, бұйымдар, картиналар жасаумен айналысады. Мекеме өкілдерінің айтуынша, шығармашылық секциялар сотталушылардың бос уақыттарында пайдалы жұмыстармен айналысуларына негізделген.

«ҚР қылмыстық атқару кодексі 126-бабына және бас бостандығынан айырылған сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргізу қағидасына сәйкес мекемеде сотталғандардың ерікті ұйымдарының төрт секциясы құрылған. Өз-өзін тәрбиелеу, қолданбалы өнер және шығармашылық көркемөнер секциясы, үшіншісі производственный дейді тұрмыстық секция және гегиеналық секция болып саналынады. Жалпы осы секциялардың негізгі міндеттері сотталғандардың арасында салауатты қарым-қатынастарын тәрбиелеу,қоғам үшін пайдалы бастамаларын көріктендіру және сотталғандардың тәрбиеленуіне үлесін қосу», – деді ЕС 164/3 мекемесі басшысының орынбасары Рүстем РАХМЕТОВ.

Жоғарыда аталған секцияларға 53 сотталған қатысады оның ішінде он жетісі қолданбалы өнер және шығармашылық көркемөнермен айналысады. ЕС 164/3 түзету мекемесінде қазір 261 сотталушы жазасын өтеп жатыр.

Новости партнеров