Абайтанумен айналысатын ғылыми-зерттеу орталықтарының жұмысын жүйелеп, елордадағы Абай академиясының төңірегіне топтастырған жөн
Абайтанумен айналысатын ғылыми-зерттеу орталықтарының жұмысын жүйелеп, елордадағы Абай академиясының төңірегіне топтастырған жөн. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында Абай өнегесін дәріптеуге ерекше көңіл бөлді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Абайтану» курсын оқыту мәселесін де қолға алу керектігін жазып, жаңа философиялық және саяси ұстаным тұрғысынан «Абайтану» оқулығы мен хрестоматиясын әзірлеу қажеттігін алға тартты. Мақалада, сондай-ақ, Абайдың «толық адам» ілімінің жан-жақты әрі терең зерттелуі тиіс екені белгіленген.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін Абай мұрасын естен шығармау керектігін алға тартты. Себебі ұлт ретіндегі жаңару идеясы Абайдың көзқарасымен үндесіп жатқаны анық. Абай халықты той тойлауға емес, еңбек етуге, рухани кемелденуге шақырды. Абайдың ұлағаты әлі күнге дейін маңызын да, құндылығын да жоғалтқан жоқ дейді президент. Ұлы кемеңгер жайлы жарияланған мақалаға Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп жоғары баға беріп, Абайды ұлықтау шараларының көптеп ұйымдастылуы қажет екендігін айтты.
«Абай – рухани реформатор» атты мақаласында Президент Абайдың ұлылығын, Абай мұраларының өміршеңдігін атап көрсете келіп, қазақ халқының кердең мінезінің бар екенін айтты. Біз бұдан сабақ алу керекпіз. Абай тойы – ойдың тойы, Абай тойы – әр қазақтың намысын оятатын той болу керек. Сол арқылы біз Абай мұраларына адалдығымызды көрсетеміз, Сол арқылы біз елдік мұраттарға берік болу керекпіз», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.
«Абай – ұлтымыз бен жұртымызды танудың төте жолы» деп жазылған мақалада. Расында да ұлы ақын мазмұндық тұрғыдан өлшеусіз, халықтың рухани азығына айналған мұра қалдырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұны терең түсіне отырып, Абайдың даналық сөздерінің қазақ халқының алтын тұғырына айналғандығын жеткізді. Президенттің мақаласына пікір білдірген Халықаралық Абай қорының директоры «Қазақтың кім екенін басқаларға таныту үшін Абай арқылы бойымызды түзеп, Абайдың сөздерінен нәтиже шығара отырып өмір сүруіміз қажет», – дегенді тілге тиек етті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстанға» шыққан мақаласында Абайдың даналық сөздері ұлттық ұстанымызды іздеген көптеген ұрпағымыздың басын біріктіретін мәңгілік рухани тірек болып қала бермек деген сөзіне мен толық келісемін. Сонау Әл-Фарабидан басталған «толық адам» ілімін жалғастырған Абайдың насихаты, Абайдың сөздері қазақ үшін өте керек», – деді Халықаралық Абай қорының директоры Жұмабек Ашуұлы.
Мыңменен жалғыз алысқан Абай,
Шыңғыстан шыңға беттедің.
Артылып туған данышпан Абай,
Тектіден туған текті едің, деп Абай рухымен сырласқан ақын Ғалым Жайлыбай Абайдың мерейтойына орай ел президентінің жариялаған мақаласына қатысты ой айтты. Адамзаттың Абайы аталған бабамыздың рухы Алаш баласын мәңгі қолдасын деген ниетін білдірді.
«Қазақ баласы үшін, қазақ қоғамы үшін Абай мәңгілік темірқазық. Сондықтан Абайға бұл той науқандық дүние емес екенін сезініп, біздің барлық ұрпақ ауысқан сайын, жылдар көші алға жалжыған сайын Абай әлеміне үңіле түсі, Абайдың өнегесін қабылдау үлкен міндет деп ойлаймын. Сондықтан бүгінгі той баршамызға құтты болсын!»– деді ақын, жазушы Ғалым Жайлыбай.
Абай шығармалары әлемнің он тіліне аударылып, жүзден астам елдің кітапханалары мен мәдени орталықтарына жіберілетіндігін де Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында атап көрсетті. Мақалада ақынның еңбектерін халықаралық ғылыми айналымға енгізу үшін нақты және мақсатты жұмыстардың қолға алынғаны жазылған. Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай шетелдегі елшіліктеріміздің жанынан Абай орталықтары ашыла бастады. Ақынның шығармашылығын жүйелі зерттеу үшін Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан «Абай академиясы» құрылды делінген мақалада.
«Абай күні жаңа адамзат ақыл-ойының аламанына ат қосқан ұлы данышпанымыздың ой идеясы қазақты жаңа заман, жаңа дәуірде, жаңа саяси шешімдер қабылдар тұста өзінің биігіне алып шығуға Құдай тағала нәсіп етсін дегім келеді. Ел президенті бұл бағытта бірнеше тапсырмалар берді. Әсіресе, жаңадан Абай оқулығын жаңа хрестоматия жасақтау – жаңа ұрпақтың келер күндеріне, тарихи кезеңдеріне қадам болады деген сенім бар», – деді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жанарбек Әшімжан.
Еліміздің бастамасымен және ЮНЕСКО-ның қолдауымен ұлы ақынымыздың 175 жылдық мерейтойы жаһандық деңгейде аталып өтуде. «Ақынның баға жетпес мұрасын ұғындыру және дәріптеу – азаматтық парызымыз. Өйткені Абай – әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға. Абайтанудың тұғырнамалық негізі де осы болуға тиіс», – деп көрсетілген мақалада.
Сая Меңдеке, Нұрбол Сазабеков, «Алматы» арнасы