Бүгін, 10 тамызда Абай күні алғаш рет ресми мереке ретінде аталып өтілуде. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Абайтанушы Айгүл Ісмақова, қазақтың біртуар ақыны, философ, ағартушы Абайдың 175 жылдығына орай Өңірлік коммуникациялар қызметіне берген сұхбатында ұлы Абай мұрасының маңыздылығы туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Мереке адамға бір сәт кідіріп, рухани күйіне назар аударуға мүмкіндік береді. Абайдың шығармаларын оқу керек және дәл қазір адамдарға Абай өте қатты қажет екенін айтуымыз керек. Абайдың жазбаларынан қазіргі жағдайдан қалай шығуға болатынына жауап табуға болады (қазіргі коронавирустық пандемия жағдайы туралы). Әр адам өзін және айналасындағылардың ауырып қалмауын ғана емес, сонымен бірге бүкіл елге қалай көмектесуге болатындығы туралы ойлануы қажет. Біз бір-бірімізге мейірімді және ілтипатты болуымыз керек», – деп атап өтті Айгүл Ісмақова.
Айгүл Ісмақова сонымен бірге, ұлы Абайдың өз еңбектерінде оқуға, ағартуға және сыни тұрғыдан ойлауға шақырғанын еске алды. Ол Абайдың шығармаларын карантин кезінде қайта зерделеп, оқуға кеңес берді.
«Абай: «білімді адам-ағартушы, зияткер тұлға болуы керек», – деді. Уақытқа сын көзбен, өзін-өзі тану тұрғысынан қарау керек. Қазір «қалайша табысты, бай болуға болады, жылдам өзгеріп жатқан заманда қалай өзіңді қалыптастыруға болады» деген секілді тренингтер өтіп жатыр. Абай шығармалары – біздің замандастарымыз үшін ең үлкен қозғаушы күш. Абай – бұл өмірді лайықты сүріп, абыройың мен қадір-қасиетінді қалай сақтауға болатындығы туралы мотивация жүйесі», – деп сөзін түйіндеді филолог.