Абай 175 жыл: Құнанбай әулеті туралы естеліктер

11.08.2020 00:00

Абай атамның естеліктерінде тәрбиеге ерекше мән береді

Фото: ашық дереккөзден

«Атадан алтау, анадан төртеу. Жалғыздық көрер жерім жоқ». Бұл Абайдың «Сегіз аяқ» шығармасында айтылатын өлең тармақтары. Бүгінде Абай ұрпағы етегін жайған үлкен өнегелі елге айналған. Бір атадан тараған Абайдың туыстары әулетте тәрбие-тәртіпке аса мән берілген дейді. Олар Құнанбай әулеті туралы естеліктермен бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құсман Ғимранұлы - Абайдың ағасы Тәңірбердіден тараған ұрпақ. Тәңірбердіні «Абай жолы» романында Тәкежан деп береді. Құсман ағаның айтуынша, Тәкежаннан үш ұл туған. Сол үш ұлдың біреуі Әзімбай Құсман ағаның арғы атасы болып келеді. Ол Құнанбай, Абай өмір сүрген кездерде бала тәрбиесі, тәртіп мықты болды дейді. Оның сөзінше Абайдың тәрбиеге ерекше көңіл бөлуі тегін емес.  

«Абай атамның естеліктерінде тәрбиеге ерекше мән береді. Біздің ұрпақтың өсуінің әлеуметтік жағдай менен тәрбиеге ерекше мән берілген. Мысалы менің өз әкем өте қатал болды. Тырп еткізбей тәрбиеледі . Біздің әулетте сондай тәрбие болған. Сондай тәртіп болмаса бірлік болмас еді», – деді Абайдың ағасы Тәңірбердінің ұрпағы Құсман Берлешов.

Құнанбай балаларын оқытуға, білім беру істеріне де ерекше мән берген. Ол 1851 жылдары Қарқаралыға барғанда шіркеулердің қаптап кеткенін байқап ол жерге мешіт салдырады. Көкшетауда Өскенбайдың асын бергенде татар молдасы Ғабитханды өзімен бірге алып келіп оған: «біздің ел дін жолына шорқақ, осында қалып елге қызмет ет» деп алып қалған екен. Құнанбай Ғабитханды ауылын алып келіп, медресе салады.

«Міне сол Ғабитханнан оқыған бәрі. Мұхтар да содан оқыған. Міне білімге ерекше Құнанбайдың бөлгендігі. 1852 жылы әкеле салып Ақмектеп деген мектеп салып береді. Онда Зере анам мен Ұлжан анам отырады балаларға қарап. Қалғандары жаздыкүні жайлауға малмен кетеді. Сонда сол мектеп салғандағы не ой? Ұрпағы білім алсын, тәрбиелі болсын деген ойы екен», – деді Абайдың ағасы Тәңірбердінің ұрпағы Құсман Берлешов.

Қазақ зиялыларының ұрпағын түгел жою жүйесі жүрген кезде Құсман ағаның атасы Берлеш конфискацияға бағынбай Қытай жеріне өтіп кетеді. Сол кезде Берлешке Шәкәрімнің өзі баласын Зиятты аманаттаған екен.

«Шәкәрім атам Зиятты қосып, «мына ініңе ие бол, түп-түбінде елге келесіңдер» деп жіберген. Әлгі Шәкәрім атаның дәл сол күні атылатыны сол. Содан Шәкәрім атамды атылғанын естиді. Зият «менің әкемді атты» деп тұра шапқан кезде Берлеш аттың шаужайынан ұстайды да жетектеп қаратпай алып кетеді. Екеуміз де қолға түсеміз, өлеміз», – деді Абайдың ағасы Тәңірбердінің ұрпағы Құсман Берлешов.

Сөйтіп 1931 жылы Алтайдың арғы жағына өтіп кеткен Құнанбай ұрпағы араға 24 жыл салып 1955 жылы елге оралады. Бұл кезде Құсман ағамыз небәрі бір жарым жаста болған екен. Ал, Құнанбайдың алтыншы ұрпағы Нұргүл Әлішерқызы Абайды Мұхтар Әуезовтен бұрын ең алғаш рет танытқан адам Ысқақтың баласы Кәкітай дейді.

«Ол кісі 1909 жылы Абай өмірі туралы Петербургта кітап басып шығарған болатын Абай атаның өлеңдерін, барлық сөздерін жинақтап. Өйткені Кәкітай ата Абай атаның қолында 18 жасқа дейін өмір сүрген. Атадан тәрбие алған. Атаның ақылын, өлеңдерін тыңдап, жатқа біліп», – деді Абайдың інісі Ысқақтың ұрпағы Нұргүл Ысқақова.

Құсман аға биылғы мерейтой аясында Абай өмірі, Құнанбай әулеті дұрыстап зерттелсе дейді. "Абай жолы" романын жазған Мұхтар Әуезов Құнанбай мен Тәкежан бейнесін жағымсыз жағынан бейнелеген деген пікірде. Бірақ бұл сол заманғы аяусыз саясаттың салдары екенін жақсы түсінеді.

Назкен Еркін, Мейрам Исабеков «Алматы» телеарнасы