Мұражай Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ашылады
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Абайдың 175 жылдығына орай мұражай кабинеті ашылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт.
Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне 1935 жылы Абайдың есімі беріліп, биыл 85 жыл толып отыр. Бүгінгі таңда 10 мың 400-ден астам студенттер мен 800-ден астам ұстаз, ғалымдар жұмыс істейді. Абайды ұлықтаған университетте ақынның құрметіне мұражайлар, мұрағаттар мен кабинеттер ашылып, тәрбие жұмыстары белсенді жүзеге асуда.
XX ғасырдың басында елдегі сауатсыздықты жою мәселесін шешу мақсатында ұстаздарды даярлау мәселесі маңызды болғандықтан, білім ордасы педагогикалық бағытта ашылған. Мұнда ұлы Абайдың білім жолын жалғастырған Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмүхамедов, Темірбек Жүргенов және Мұхтар Әуезов секілді қазақ халқының көрнекті өкілдері жұмыс істеген. Бүгінде ақынның ілімін қайта жаңғырту аясында түрлі бағдарламалар оқытылуда. Ал, 2008 жылдан бері «Хакім Абай» ғылыми зерттеу орталығы ашылып, онда жетекшілік етіп келе жатқан Жабал Шойынбет Абай феноменін отыз жыл бойы зерттеп келеді. Ол болашақ жастарға Абайды жаңа қырынан таныту қажет дейді.
Абай атындағы ҚазҰПУ жыл сайын әлемнің ең үздік университеттері қатарында өз орнын жоғарылатып, елдегі білім беру ордалары рейтингісінде алтыншы орынға ие. Сондай-ақ, оқу орны қызметінде халықаралық ынтымақтастықтың орны ерекше. Кембридж, Пенсильвания, Сассекс, Пекин Біріккен университеті мен Сорбонна-Париж сити университеттерімен серіктестік орнатқан. Ал, алдағы уақытта - оқытушы кадрларды даярлаудың сапасын арттыруды жоспарлап отыр.