Алматыда Абай күніне орай оқушылар арасында өлең оқудан онлайн жарыс өтіп жатыр. Байқауға 8 ауданнан 100-ден аса адам қатысқан. Оған қоса, қала әкімдігі тұңғыш рет хәкімнің қара сөздерін бірінен-бірі іліп алып кететін эстафетаны бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
24 жастағы Бахтинұр болашақ терапевт дәрігер. Қазір жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейді. Поэзияға деген ықыласы 2-сыныптан басталған. Содан бері Абайдың өлеңдерін оқып, жаттағанда жаны сүйеді. Абай оқуларына да қатысып, бағын сынап көрген. Жүлделі орынға жетпесе де, Бахтинұр сүйікті ісін тастаған емес. Рухани құндылықты дәріптейтін Абай күні болғаны үшін қуанады.
«Қазіргі жастарда құндылық басқа нәрсе болып кетіп жатыр. Абай күнін белгілегені өте дұрыс деп санаймын. Себебі, осы күн арқылы жастарымыз поэзияны білуге немесе ақындарымызды білуге, оларды дәріптеуге ат салысып, соған күш шығарып, ең болмаса еске алып тұратын күн болады», – деді Қазақстан Ұйғыр жастар бірлігінің мүшесі Бахтинұр Сыдықова.
Ұлты орыс Галина қазақшаға судай. Семейдің тумасы қасиетті өңірдің қасиеті ерте жастан бойына біткен дейді. Кемеңгер тұлғаның шығармасын жетік білу әр азаматтың парызы деп біледі. Мектеп қабырғасынан бастап жоғары оқу орнында да Абайдың өлеңдерін оқудан сайысқа түсіп келеді.
«Жастайымнан мені атам әдебиетке итермелеп, құлшынысымды оятты. Қазақ тілінде Абайдың өлеңін оқып, ары қарай неше түрлі сайыстарға қатысқанда өзімнің талпынысымды білдіретінмін. Мен 10-нан астам өлеңін жатқа білемін. Оқысам көбін еске түсіре аламын. Сайысқа қатысқанда қара сөздерінің шумақтарын да жаттап тұратынмын», – деді Орыс ұлттық мәдени орталығының мүшесі Галина Дураченко.
Айта кетейік, Алматыда 1995-ші жылдан бастап мектеп оқушылары арасында "Абай оқулары" өтеді. Жыл сайын сайысқа мыңнан аса адам қатысады. Байқауды жоғары оқу орындарынан, театрдан келген өкілдер әділқазылық етеді. Ал биыл "Абай күнінде" қала әкімдігі пандемияға байланысты онлайн жарыс ұйымдастырды.
«Енді 10 тамыз Абай күні болып белгіленгеннен кейін әрине, үлкен бір қазақтың рухын көтеретін керемет бір аталып өтетін күн болу керек. Балалар өздері оқыған видеоны жүктеп, бізге жібереді. Аудан басшыларына жібереді. Аудандағы кезегі өткен соң ауданның жеңімпазын қалалық кезеңге жібереді. Дауыс беру арқылы жеңімпазды анықтайтын боламыз. Ешқандай, ешкімнің көмегі қажет болмайды», – деді Қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Нұргүл Тау.
Онлайн жарыс жеңімпазына планшет сыйға беріледі дейді ұйымдастырушылар. Ал хәкімнің қара сөздерін оқу эстафетасына кез келген ұйым қатыса алады. Мұндағы мақсат, ғаламторға телмірген жастарға 45 сөзді жаттатқызу дейді.
Жадыра Омаржан, Мейрам Исабеков, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы