Абай 175 жыл: Қазіргі жас-жеткіншек Абайды қаншалықты біледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасы – ұрпағы үшін теңдессіз қазын
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұрпақты тәрбиелеуде Абай мұрасының тигізер пайдасы зор. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биік белестің оңайлықпен бағына қоймайтынын айтып кетті. Қазіргі жас-жеткіншек Абайды қаншалықты біледі? Олардың Абай шығармашылығына деген көзқарасы қандай? Almaty.tv тілшісі  Ұлағат Арғын қала тұрғындарына сауалнама жүргізіп көрді.

Ахмет Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны» мақаласында: «Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр тиетіні рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда, айып жазушыда емес, оқушыда» деген еді. Бұл 1913 жылы жазылған мақаласы. Ал, қазір ше? Қазіргі қоғам Абайды қаншалықты тани алды? Қазір біз тұрғындарға сауалнама жүргізіп көрейік.

Абайдың азан шақырып қойған есімі – Ибраһим. Бұл Құранда аты аталған 25 пайғамбардың бірі. Оның атын әкесі Құнанбай қояды. Ибраһим араб тілінен аударғанда «сүйкімді» деген мағына береді. Зере әжесі «Абайым», «Абай» деп еркелетіп, содан Абай аталып кеткен.  

Құнанбай баласының зеректігін бірден байқап, оған жан-жақты білім беруге тырысады. Ал 13 жасында оны оқудан алып кетіп, ел басқару жұмысына салады. Оған қоса, әкесі ел тартысында өзіне кеңесші әрі сарапшы іздей бастайды. Басында «барып кел, шауып келмен» жүрген жас Абай аз уақыттың ішінде жуан би, ел тартысының атқа мінері болып шыға келеді.

Абайдың ең алғашқы ғашығы – Тоғжан. Бірақ ол Ділдәмен отау құрады. Бұл кезде Абай 15 жаста еді. Абай Құнанбайұлы көптеген өлеңдеріне өзі ән жазған. Олардың ішіндегі танымалы - «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай». Алматылықтар бұл әндерді тамаша орындап берді.

10 тамыз Абай күні деп белгіленуінің мақсаты да ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыда дамуымыз үшін. Ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасы – ұрпағы үшін теңдессіз қазына. Уақыт өткен сайын Абайды жаңа қырынан тану, ғылыми тұрғыдан тың байламдар жасау бұл – заңдылық дейді ғалымдар. Абай сөзі қашан да ұрпақтың бағыт алатын темірқазығы болып қалмақ.

Ұлағат Арғын, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров