|
10.08.2020 | 19:31
1827

Абай 175 жыл: Мысырда "Абай оқулары" өтті

Каир жастары қазақ тілінде қара сөздерді оқып, домбыра тартты

Абай 175 жыл: Мысырда "Абай оқулары" өтті  Аlmaty.tv

Абайдың даналығына тәнті болған әлем елдері бүгінгі күнді ерекше атап өтіп, мерекелік кештер ұйымдастыруда. Осы орайда, Мысыр еліндегі Қазақстан Республикасының елшілігі ұлы ақынның мерекесіне орай «Абай оқуларын» өткізді. Іс шара барысында Қазақтың біртуар данышпанының туындыларын сүйіп оқитын Каир жастары қазақ тілінде қара сөздерді оқып, домбыра тартты. Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіттің бейнематериалында.

Каир, Мысыр

Абай күні қарсаңында тарихы сырға толы Каир қаласында ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына арналған Абай оқулары өтті. Мерекелік кешті ұйымдастыруға Мысыр еліндегі Қазақстан елшілігінің өкілдері мұрындық болған. Жалпы, іс-шараға «Әл-Азһар» университетінде оқитын отандастарымыз бен Каир университетінде қазақ тілін үйреніп жүрген мысырлық жастар қатысты. Кеш бойы Елшілік ғимаратында ұлы Абайдың өлеңдері мен әндері, сондай-ақ оның баға жетпес Қара сөздері оқылды.

Оқиға болған жерден:

1. Өзгеге, көңілім, тоярсың,

   Өлеңді қайтып қоярсың?

   Оны айтқанда толғанып,

   Іштегі дертті жоярсың.

2. Тыңдамаса еш адам,

   Өз жүрегім толғансын.

   Әр сөзіне қарасын,

   Іштегі дертім қозғалсын.

Ақынның шығармашылығы арқылы қазақ тілі мен халқымыздың мәдениетімен танысқан Мысыр білімгерлері Абай шығармаларының тереңдігі мен философиялық мағынасына тәнті болғанын жасырмады. Мысырлықтар Абайдың «Айтым Салем Қаламқас» әнін ерекше сезіммен қазақша шырқап, содан кейін оны өз бетінше аударып, араб тілінде қайталап айтты.

Сонымен қатар, мысырлық жастар домбырада қазақ халық күйлерін шерткені тыңдаушыларды ерекше тамсандырды. Сондай-ақ, іс-шара аясында Каирде оқитын студенттер арасында «Ұлы Абай – халықтың жүрегінде» тақырыбында мақала жазудан сайыс та ұйымдастырылған. Осылай, қазақ елінің ұлы тұлғасын ұлықтаған мысырлық ұстаздар Каир қаласындағы Абай есімі берілген көшеге барып, Қазақстандықтарды мерекесімен құттықтады

«Мен Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын араб тіліне аударғанымды мақтан етемін. Ал, қазіргі таңда Мұхтар Әуезовтың  «Абай жолы» роман-эпопеясын аудару жұмыстарымен айналысудамын. Биыл ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы. Абай қазақ үшін дара тұлға, ойшыл ғалым, сондай-ақ реформатор. Осы тұста, бүкіл қазақ халқын, елбасы мен Президентті атаулы мерекесімен құттықтаймын. Бүкіл әлем Абай шығармасының алдында бас иеді», – деді «Әл-Азһар» университетінің орыс тілі кафедрасының докторы (Мысыр) Мұхаммед Реадз.

Бейжің, Қытай

Қазіргі таңда Абай есімі әлем елдерінде ерекше танымал. Тіпті, ұлы ақынның құрметіне түрлі мүсіндер қойылған. Солардың бірі – аспан асты еліндегі Бейжің қаласының «Чаоян» саябағындағы Абай ескерткіші. Мереке қарсаңында шетелдегі қандастарымыз біртуар ақынды ұлықтап, гүл шоқтарын қоятын болады. 2014 жылы екі елдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын дамыту мақсатында бой көтерген бұл тас мүсін –  ұлы ақынды мәңгі есте қалдырмақ.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир