Жинаққа Абайдың 139 туындысы енген
Журналист, филолог Ерлан Күзекбай үйінде жиырма жыл сақтаған Абайдың алғашқы шығармалар жинағын көрсетті. Тек қана сирек кітаптар мұражайында кездесетін құнды жәдігерді, бастапқыда, қаламгердің туыстары Құран кітабы деп ойлапты. Ұлттың рухани мәселесіне бей-жай қарамайтын журналист болса, оны мұражайға тапсыруға әзір екенін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ерлан Файзуллаұлының қолындағы бұл кітап – Абайдың басылып шыққан ең алғашқы жинағы. Журналист әрі тіл маманы бұл құнды дүниені сақтап жүргеніне жиырма жылдың жүзі болған. Кітапты кезінде НКВД-да қызмет істеген Әбдікәрім Төкенов деген туысы, қазақ зиялыларын қудалау кезінде тығып, жоюдан аман алып қалған көрінеді.
«Бір аталас туысымыздың үйінде осындай бір арабша кітап бар дегенді естіп бардым. Абайтанушылардың шыққан кітаптары бойынша қарап, зерттеп көрсем тура солардың ізімен сәйкес болып шықты. Кітап 17 бөлімнен тұрады», - деді «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері Ерлан КҮЗЕКБАЙ.
Осылайша, араб тілінен хабары бар маман кітапты зерттей келе оның 1909-шы жылы жарық көргеніне көзі жеткен. Қараусыз қалған құнды дүниенің бастапқы алпыс бетінің жиегі желініп, тозып кеткен екен. Кадимдік таңбамен жазылған жәдігерді қаламгер «Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі» кітап сөрелеріне қойып, сақтап жүр.
«Әрине мен мұражайға беруге қарсы емеспін. Халық көрсін қайта, жеке үйде тұрғаннан не шығады. Сондықтан егерде сондай ұсыныс болып жатса, мен оны мұражайға өткіземін», - деді «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері Ерлан КҮЗЕКБАЙ.
Абай Құнанбайұлы қайтыс болғаннан кейін ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов ақынның шығармаларын басуға мұрындық болады. Тіпті 1905 жылы Бөкейханов Семейде шығатын газетке Абай туралы мақала да жазыпты. Кітаптың шығуын өзі басшылыққа алған алаш қайраткері, Абайдың ұлы Тұрағұл мен немере інісі Кәкітайға шығармаларын жинауға тапсырма беріп хат жазған екен. Дереу іске кіріскен ақынның ұрпақтары сол уақытта ауыл молдасы Мүрсейіт Бікеұлына жиналған өлең, аудармаларды көшіртеді. 1905 жылы Тұрағұл мен Кәкітай Омбыда Әлихан Бөкейхановпен кездесіп, оған дайын қолжазбаны тапсырады.
«Содан 1906 жылдың басында Павлодардан Семейге бара жатқан жолда Әлихан Бөкейханов тұтқындалып, бұл кісі үлкен саяси қозғалыстың үлкен мүшесі, алаш көсемі ғой, сол түрмеде жатқан кезде осы Абайдың шығармаларының қолжазбасы портфелінде болған екен. Прокурорға талап етіп осы өлеңдердің сақталуын өте-мөте сұраған екен», - деді М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты абайтану және әдебиет тарихы бөлімінің меңгерушісі, профессор Серікқазы ҚОРАБАЙ.
Кітаптың 1909 жылға дейін шықпай төрт жыл кешеуілдеуінің сыры сонда болса керек. Осы себепті Кәкітай кітапты бастыруды толық өз мойнына алып, Қазан қаласына жолға шығады. Сөйтіп 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Ілияс Бораганскийдің баспаханасында жинақ 1000 данамен жарық көреді.
«Көлемі 106 бет, араб жазуымен, төте жазумен шыққан. Мұның ішіндегі ең басты ерекшелігі Кәкітай ішіндегі мазмұны мен тақырыбы жағынан жеке-жеке 17 бөлікке бөлген. 17 бөліктің өзінде мысалы, жаз, күз, жазғытұрым, қыс деп насихат, өзі туралы, ой туралы деп бірнеше бөлікке бөлген», - деді М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты абайтану және әдебиет тарихы бөлімінің меңгерушісі, профессор Серікқазы ҚОРАБАЙ.
Жинаққа Абайдың 139 туындысы енген. Оның ішінде 97-і өзінің өлеңі, 42 аудармасы және 2 поэмасы бар. Кітаптың соңында ойшылдың өз фотосы мен Кәкітайдың мақаласы жарияланған. Бүгінде Кәкітай жазған ақпарат Абай туралы жазылған ең бірінші өмірбаян болып есептеледі.
Назкен Еркін, Рашит Шүкірәлиев «Алматы» телеарнасы.