Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Абай залы ашылды

11.08.2020 02:06

Білім ордасының кітапханасынан орын алған орталық 80 орынға арналған және заманауи аудио-видео құрылғыларымен жабдықталған

Almaty.tv

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Абайға арналған зал ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Білім ордасының кітапханасынан орын алған орталық 80 орынға арналған және заманауи аудио-видео құрылғыларымен жабдықталған. Онда дәрістер, кездесулер, конференциялар және тағы да басқа іс-шаралар өткізуге болады. Онда Абай шығармаларының, оның ішінде сирек кездесетін басылымдардың тұрақты көрмесі мен шығармашылығынан сыр шертетін сурет галереясы да бар.

«Мына университет қабырғасында жастар тек қана білім алып, маман болу емес,  Абай айтқандай, ұлтының, халқының азаматы болу, адамзаттың ұлы болуы керек. Сондықтан олар университет қабырғасында осындай жақсы қасиеттерге тәрбиеленіп шығуы қажет. Сол себепті  осы залда дәріс алып, күнделікті осы залда сабағына дайындалып, осы жерде кездесулер болатын болса, Абайдың рухы оларға өте жақын болады», – деді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов.

Сондай-ақ залдың тұсаукесерінде он томдық шығармалар жинағы таныстырылды. Онда Абайдың орыс, ағылшын, француз, неміс тілдеріне аударылған өлеңдері мен қара сөздері енген.

«Сонан кейін бүкіл әлемнің ұлы ойшылдары, ұлы ақындарының жеке бір том кітабы бар. Оның барлығын біз кіргізе алмадық, өйткені ол тым көп. Сондықтан біз оны келесі жылға қалдырып, келесі жылы, Алла жазса, шығарамыз. Сосын Абайдың факсимелесін біз келесі жылы Лондон мен Түркияда шығарамыз. Ол үлкен еңбек», – деді жазушы, драматург Роллан Сейсенбай.