Нұр-Сұлтанда Абайдың 175 жылдығына орай дөңгелек үстел өтті

13.02.2020 03:23

Дүйсен Сейтқали Мемлекеттік басқару академиясына Абайтану курсын енгізу керек деген ұсыныс айтты

Almaty.tv

«Ұлттық ынтымақ пен ықпалдастық аясындағы Абай тағылымы». Елордада осындай атаумен Абайдың 175-жылдығына орай дөңгелек үстел өтті. Ұлттық кеңестің аясында қоғамдық, экономикалық салаға ғана емес, гуманитарлық салаға да баса ден қою мәселесі сөз болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осы орайда гуманитарлық саланы  дамыту үшін, өзіміздің сана-сезімімізді, өмірге деген көзқарасымызды өзгерту керекпіз, - деп санайды саясаттанушы Ерлан Сайыров. Оның пайымынша, қазіргі таңда елімізде орын алып жатқан түрлі қоғамдық-саяси, әлеуметтік, экономикалық мәселелерді қақтығыспен емес, ақылдасып шешу керек.

«Абай ілімінің концепциясы өте универсалды. Бүгінгі заманға да сәйкес келеді. Өздеріңіз білесіздер, бүгінгі таңда біздің елімізде әртүрлі қарама-қайшылық, қоғамдық-саяси процесстер болып жатыр. Әртүрлі шиеленістердің, қайшылықтардың потенциалдары бар. Міне осы әлеуметтік-рухани шиеленістерді, қақтығыстарды шешудің тағы бір әдіс-тәсілі ретінде осы Абайдың ойлары, Абайдың тағылымдарын алуға болады», - деді ҚР Президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан САЙЫРОВ.

Ал педагогика ғылымдарының кандидаты Дүйсен Сейтқали Абайдың қара сөздерін, өлеңдерін, ғибрат ойларын бірінші кезекте мемлекеттік қызметкерлер мен бизнес өкілдеріне жеткізу керек деп санайды. Ол Мемлекеттік басқару академиясына Абайтану курсын енгізу керек дегенді алға тартты.  

«Француз ғалымдары «Абай философиясы – өмір сүру философиясы» деп бағалаған екен. Сондықтан да Абай философиясын жаңағы жоғары билікте жүргендер, сосын бизнес өкілдеріне жеткізуді содан бастау керек», - деді ҚР БҒМ «Мемлекет тарихы институтының» жетекші ғылыми қызметкері Дүйсен СЕЙТҚАЛИ.