«Абай» телеарнасы ашылады

31.05.2020 04:15

Бұл туралы ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев фейсбук парақшасында жазды

egemen.kz

Биыл мәдениет бағытындағы «Абай» телеарнасы ашылады. Бұл туралы ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменовке әлеуметтік желіде жариялаған інілік базынасында айтылған. Дәурен Абаев facebook-тегі жазбасында халық әртісінің кей айтқан тұстарына түсініктеме беруді өзіне міндет санаған, деп хабарлайды Айқын газеті.

«Барлық телеарнада көркемдік кеңестер бар. Олар эфирден берілетін материалды саралап, сұрыптап отырады. Әсіресе, мемлекеттік арналардың көркемдік кеңесінің талабы айрықша қатал. Әрине, жұмыс тәртібінің ерекшелігіне, уақыт тапшылығына байланысты бейнематериалда қателіктер болып тұрады. Кейде бейнетуынды сапасына қатысты сын айтылып жатады. Бірақ бұл – жекелеген жағдайлар. Үнемі қателік кетеді дегенді білдірмесе керек. Өзіңізге мәлім, кино түсіру – жанкешті еңбек пен үлкен қаржы қажет ететін ұзақ процесс. Тәуелсіздік дәуірінде бұл салаға көп көңіл бөлініп, мол қаражат құйылды. Нәтижесінде едәуір дүниелер жасалды», – деді Дәурен Абаев.

Осы орайда ол мысал ретінде «Орбұлақ шайқасы», «Дулати», «Кейкі Мерген», «Құстар әні», «Келінжан», «Көршілер», «Қазақ хандығы. Алтын тақ», «Құнанбай», «Абай», «Бекзат», «Қаламгер», «Ән аға», «Бөрі», «Арман жолында», «Абзал жан», сияқты көптеген фильмдер мен сериалдарды атап өтеді.

«Бұл менің дәл қазір есіме түскені ғана, негізі одан да басқа жүздеген медиатуынды жасалды. Үнемі есте болатын тағы бір нәрсе – бұның бәрі шығармашылық дүниелер. Сол үшін де біреуге ұнап, екінші адамға ұнамауы заңдылық. Бірақ, бір анығы – осының барлығы да өзіміздікі. Отандық туындылар. Кезінде жылына 1-2 фильм шыққанын жетістік санасақ, қазір ондаған фильм мен сериал шығып жатқанына таң қалмаймыз. Бұған қуану керек деп санаймын. Осы ретте, мәдениет бағытындағы «Абай» телеарнасын ашуды биылға жоспарлап отырғанымызды айтқым келеді», – деп жазады Абаев.

Айта кетейік, Талғат Теменов Facebook парақшасында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның атына жазба қалдырып, онда төл телеарналарға қатысты ойын білдірген болатын.

Теги: Мәдениет