Әскери қызметші Республика күніне орай 350 шақырымдық ультрамарафонға аттанды

25.10.2022 17:35

Ол – Алматыда және Қарулы күштерде өткен марафондардың жеңімпазы

МИА «Казинформ»

Қазақстандық әскери қызметші Республика күніне орай ультрамарафонға аттанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі  Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институты «Әли» оқу-жаттығу орталығын қамтамасыз ету ротасының жауынгерлік көлігінің командирі Рауан Әбілханов 48 сағатта 350 шақырым еңсермек. Оның жүгіру маршруты: «Әли» оқу-жаттығу орталығы – Алматы облысының Шелек ауылы.

«3-сыныпты сержант Рауан Әбілханов алдына мақсат қойды. Табандылық пен жеңіске деген ерік-жігердің арқасында ол рекорд орнататынына сенімдімін. Құрлық әскерлері әскери институтының жеке құрамы үшін Рауан мақсатқа жетуге деген сенім мен ерік-жігердің үлгісі. Нағыз жауынгер осындай болуы керек. Оған сәттілік тілейміз», – деді спортшыға Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы Жұмабек Ахметов.

Рауан Әбілхановтың жеңіл атлетикамен айналысқанына 10 жылдан асты. Ол – Алматыда және Қарулы күштерде өткен марафондардың жеңімпазы. Жауынгерлік дайындық пен үлгілі әскери тәртіптегі жоғары көрсеткіштері үшін көптеген марапатқа ие.

Марафон қашықтығы бағытында спортшыға әскери институт дәрігерлерінің бригадасы, достары, әріптестері және Қазақстанның Рекордтар кітабының өкілдері ілеседі.

Әскери қызметшінің бұл бастамасын жанұясы да қолдайды. Әбілхановтар алты қыз бен ұл тәрбиелеп, жуырда тағы бір нәресте күтіп отырған үлгілі отбасы.