Алматыда ел өміріндегі аса қастерлі мерекеге орай қаладағы алып байрақ көкке көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шара теңіз деңгейінен 1700 метрлік биіктікте орналасқан Медеу мұз айдынының маңында өтті. Алып шаһардағы ең биік тұғырға байрақ мемлекеттік әнұран шырқалғанда көтерілді. Ту көтеру рәсіміне Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қатысты. Сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері, жастар мен еріктілер де жиналды. Олар ұлттық мейрамның маңызы өте зор екенін айтты.
«Бұл күнді қорғап, ерекше мереке ретінде алып келген жандардың атын айтпай кетуге болмайды. Салық Зиманов ағаларымыз, ел ағаларының арқасында осы күнге жетіп отырмыз. Тәуелсіз мемлекет болып отырмыз. Сондықтан, мерекелеріңіз құтты болсын, ағайын! Бұл – желтоқсандықтар үшін қымбат күн! Сондықтан, бұл күннің келуі оңай болған жоқ», – деді «Желтоқсан Алматы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жандыбай Серікбек.
Ал жастар патриоттық рухты оятатын шараның өтетінін естіп, бірден келгендерін айтады. Бұл күні 500-дей студент келеді деп жоспарланған. Дегенмен, жиналғандар саны одан асып түсті. 3 мың жас ресми шарадан соң отандық жұлдыздардың концертін тамашалады.
«Республика күніне орай туды көтеру рәсімі өткен болатын. Біз де енді жастар ретінде іс-шара өтетінін айтқан кезде қуана-қуана қатысатынымызды айттық. Өйткені, ол жастарды болсын, жалпы еліміздің тұрғындарын біріктіреді. Үлкен рух сыйлайды. Яғни, патриоттық сезімді ерекше бір деңгейге көтереді деп айтсам болады», – деді «Қамқор» қоғамдық қорының төрайымы Бағдат Анарбаева.