Іле Алатауының баурайында ең үлкен көк байрақ ашық аспанда желбіреді

 Almaty.tv
Almaty.tv
Республика күніне арналған «Ашық аспан» шарасының мақсаты – патриоттық рухты нығайту
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Еліміздегі ең үлкен байрақ бүгін Қазақ аспанында қалықтады. Бұрын соңды болмаған көрініс биыл Ұлттық мерекеге арнайы ұйымдастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл – Алматы облысына қарасты Талғар ауданындағы әуеайлақ. Бүгін мұнда жиналғандар алып тудың көк аспанда қалықтағанын көруге асық. Өйткені, мұндай алып ту тек Астанада ғана бар. Оның өзі бұл байрақтан екі есеге кіші. Рекорд орнатуға тігілген арнайы тудың көлемі 800 шаршы метр. Салмағы - 60 келі. Ал парашютистің әуеде қалықтайтын қажетті құралдарымен қосқанда барлығы 90 келіден асып түседі. Қауіпті секіруді орындауға ұжым 1 айдан аса дайындалған. Маңызды міндет кәсіби маман Олег Тощевке сеніп тапсырылды. Ол парашютпен секіру бойынша әлемдік рекордты жаңартқан. Спортшы 12 жыл ішінде аспаннан 5800 рет секіріпті.

«Секіруге сақадай сай дайынбыз. Бұл жолы жалаумен секіретіндіктен, қиынырақ болайын деп тұр. Ұшаққа барған кезде де қауіпсіздік жағынан тағы бір қарап шығамыз. Тумен секіру идеясы маған ұнады. Сондықтан, ұсыныс айтылғанда, бірден келістім. Менде осыған ұқсас затпен секіру тәжірибесі болған. Сондықтан, сәтті өтеді деп сенемін», – деді спортшы Олег Тощев.

Ұзақ уақыт әуеде қалықтап, жылдамдық алған ұшақ бір сәтте халықтың патриоттық сезімін оятып, жүректерін дүрсілдеткені анық. Өйткені, көк аспанда алып тудың желбірегенін көру де бір бақыт деді жиналғандар. Білікті парашютист белгіленген уақыттан кешікпей туды желбіретті. Ол 3 мың метр жоғарыдан секірді.

Көк тудың ашық аспанда ашылған сәті Қазақстанның Кинэс рекорд кітабына енді. ТМД елдері арасындағы көлемі мен ауқымы жағынан ең үлкен, ал қауіптілігі жағынан аса қиын болды. Дегенмен, артылған міндетті дайындалған мамандар абыроймен орындады.

Қазақстандық рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов секіруден кейін ұйымдастырушыларға рекордты растайтын сертификатты табыс етті.

«Менің түсінігім бойынша ауыр салмақ үшін өте қауіпті акция. Бұл жерде біз желді байқамаймыз. Бірақ та 100 метрден жоғары көтерілгеннен кейін аспанда ауаның неше түрлі жел соғады. Соған байланысты өте қауіпті. Спортсмендердің мақсаты – Қазақстанның ең үлкен туын жерге жеткізу.  Мұндай рекордт болған, бірақ та Қазақстанда бірінші рет. Сондықтан Қазақстанның рекорды ретінде тіркелінеді», – деді КИНЭС Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов.

«Ашық аспан» акциясын өткізудегі басты мақсат – барлық қазақстандықтардың патриоттық рухын нығайту. Сондай-ақ, ұлт болып бөлінбей, толерантты қарым-қатынас пен бейбіт аспан концепциясын қолдау. Шараны елімізде еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер мен қазақтың спортшылары қолдаған. 

Жадыра Омаржан, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров