Алматыда мемлекеттік наградаларды салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті

22.10.2022 22:14

Марапатталғандар тізімінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосқан алматылықтар болды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік наградаларды Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев 84 тұрғынға салтанатты түрде тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Марапатталғандар тізімінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосқан алматылықтар болды. Олардың қатарында Алматы қаласының Құрметті азаматы, Алматы қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы, III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған Ақан Бижанов бар. Мемлекет басшысының Жарлығымен "Парасат" орденімен Наталья Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық орыс театрының жетекші актрисасы Валерия Крымская және еңбек ардагері, конькимен сырғанаудан еңбек сіңірген жаттықтырушы Май Хван марапатталды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағы композитор, қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, 80-нен астам ән авторы Агиме Исағұловаға берілді.

Сондай-ақ, бұл күні қала әкімі Мемлекет басшысының атынан алматылықтарға «Құрмет», «Еңбек даңқы» ордендерін, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» және т.б. медальдарды табыс етті. Мемлекеттік наградалармен атап өтілгендердің қатарында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, бизнес және өнеркәсіп, құрылыс, көлік және энергетика салаларының өкілдері, қоғам және саяси қайраткерлер, мемлекеттік қызметшілер және басқалар бар.

Атап өтерлік жайт, мерекелік күндер күнтізбесіне 13 жылдан кейін оралған Республика күні қарсаңында мемлекеттік наградаларды тапсырудың салтанатты рәсімі осыдан 32 жыл бұрын Қазақ КСР Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданған залда өтті.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының, қаланың қоғамдық кеңесінің, жастар ұйымдарының өкілдері, мәдениет қайраткерлері, ЖОО ректорлары, мәслихат депутаттары және т.б. қатысты.