Ұлттық мереке: Елордада республикалық бәйге ұйымдастырылды

25.10.2022 в 22:25

Ат жарысына Алматы, Жетісу, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау облысынан келген 30-дан аса тұлпар қатысты

Елдігімізді ұлықтаған ұлық мерекеге орай елордада республикалық бәйге ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сайын сахараны дүбірге бөлген ат жарысында 6 өңірдің шабандозы мен сәйгүлік бақ сынады. Мерекелік аламан сайыстың жүлде қоры 17 млн теңге.

Әр өңірдің намысын ту етіп, арғымақтарын ерттеп келген мына жігіттер аламанға тас түйін дайын. Сәйгүліктің үстінде еркін көсілген олар 20-14 шақырымды қиындықсыз еңсеруден үмітті. Дода жігіттердің жігерін, қазанаттардың қажыр-күшін сынайтыны анық. Алғаш болып сайыс алаңына аламан бәйгенің қатысушылары шықты.

Ат жарысына Алматы, Жетісу, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау облысынан келген 30-дан аса тұлпар қатысты. Кіл жүйріктер сыңға түскен сайыста Алматы облысы сәйгүлінің бабы мен бағы қатар шапты. 20 шақырымдық аламанды Арнат Мұратхан «Айбар» атты атымен мәре сызығын бірінші болып кесті.

«Аламан бәйге 20 шақырым, топ бәйге 14 шақырымды қамтиды. Әзірге 50 ат тіркелді. Бұл бәйгенің жүлде қоры – 17 млн. Конкурдың жұлде қоры – 6 млн. Сонымен қатар көрерменге де сыйлық бар. Лоторея ойнатылады», – деді қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Карбозов.

Мұнан соң елордалықтар мерекелік шараны «Арғымақ» ат - сауықтыру кешенінде тамашалады. Тап осы күні қолданысқа берілген су жаңа кешенде классикалық ат спортына жататын конкур сайысын көрді. Сәйгүліктің құлағында ойнайтын қыз-жігіттердің ерекше өнері көпті тәнті етті.

«Дайындық өте жақсы. Осы жарысқа Қарағандыдан, Алматыдан спортшылар келді. Қазір осы финалдық кезеңде сайысқа түсеміз. Ат спортымен бала кезімнен айналысамын. Конкур спортымен соңғы 15 жыл болды», – деді жарысқа қатысушы Ержан Мағжаев.

«Қазақ елі!

         Құтты болсын қазағымның мереккесі!

         Бақ дәулетке толсыншы берекесі.

         Елім аман, жұртым тыныш болғанд,

         Шапағатты, нұры толсын ел іргесі!

                                      Мереке құтты болсын», – деді қала тұрғыны Құралай.

Мерекелік думан соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Жиналған көпшілік жұлдыздар өнерін тамашалап тынығып қайтты.

Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астанадан