Президент атынан алғыс хатты Дәурен Абаев арнайы табыстады
Еліміздің шығармашылық одақтары мен қауымдастық басшылары мерекеге орай Президент атынан алғыс хат пен «Құрмет» грамоталарын алды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Көрнекті мәдениет қайраткерлерін Алматыға арнайы келген Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев марапаттады. Министр шығармашылық одақтар әлеуметтік мәселелерді шешуге, азаматтық жаңғыруда сенімді серіктес екенін тілге тиек етіп, салаға қосқан үлестері мен бастамаларына алғыс білдірді.
«Өнер қайраткерлерінің шығармашылық әлеуетін одан әрі дамыту мақсатында министрлік бірқатар ірі мәдени жобаны жолға қойды. ҚР өнер саласындағы «Ұмай» ұлттық сыйлығы тағайындалды. Сол сияқты дәстүрлі, классикалық, эстрада және театр өнері жанрында жаңа туындыларды жарыққа шығаратын авторларды қолдауға бағытталған республикалық «Дала дауысы» конкурсы жарияланды», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Сондай-ақ бірқатар мәдениет қайраткері ведомстволық наградалармен марапатталды. Ел өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін «Парасат», «Құрмет» ордені тапсырылды.
«Кейінгі кезде шығармашылық одақтарға өте жақсы көңіл бөлініп жүр. 2 қарашада 2020 жылы Президентіміз заңға қосыша ретінде «шығармашылық одақтарды жағдайын жақсарту» деген бөлім кіргізген», – деді Еуразия дизайнерлер одағының төрағасы Ермек Асылханов.
«Алып жатқан марапатымыз адамның абыройын өсіріп, мәртебеңді биіктетіп, күш қосып, халқыңның алдында қарызың мен парызың бар екенін сезінесіз. Марапат үшін алғысым шексіз», – деді Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі Қадырғазы Қуандықов.