Тоқаев: Қайта жаңғырған Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам

23.10.2022 00:29

Туды қоғамдық жерлерге және жекеменшік орындарға қоюға тыйым салынбайды

Ақорда

«Азаттық Қазақстанға кездейсоқ бұйырды» деген ой шындыққа жанаспайды. Мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде осылай деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев егемендіктің мәніне терең тоқталды. Мемлекет басшысы бұдан былай туды қоғамдық жерлерге және жекеменшік орындарға қоюға тыйым салынбайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Қазақта «Егемен болмай, ел болмас» деген терең мағыналы сөз бар. Кейде «Азаттық Қазақстанға кездейсоқ бұйырды, еліміз тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялады» деген біржақты, үстірт тұжырымдар айтылып қалатыны жасырын емес. Бұл – сол кездегі жағдайды дұрыс бағамдай алмаған адамдардың сөзі. Шын мәнінде, егемендікке бастайтын қасиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өтті», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Салтанатты іс-шарада Қасым-Жомарт Тоқаев барша отандасты мерекемен құттықтап, айтулы күнге ұлттық мереке мәртебесін қайтару идеясын халықтың да ықыласпен қолдағанын айтты. Енді 25  қазанда еліміздің барлық өңірінде ауқымды іс-шаралар мен патриоттық бағдарламалар ұйымдастырылмақ.

«Биылдан бастап Республика күні – ұлттық мереке. Енді бұл мерекені күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Сондықтан осы мерейлі күн азаматтарымыздың өзара түсіністігін, тұтас ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке болмақ», – деді Мемлекет басшысы.