Биыл Қазақстан 13 жылдан кейін алғаш рет Республика күнін тойлайды. Бұл күн мереке қатарынан алынып тасталғанымен, биыл Мемлекет басшысы оны қайтадан атаулы күндердің бірі етіп бекітті.
Қазақстан композиторлар одағының төрағасы Балнұр Қыдырбектің айтуынша, бұл күн қазақтың «жеке мемлекет бола аламын» деп жарияға жар салған күн.
«Республика күнін мемлекеттік мереке ретінде тойлау керек. 25 қазан – қазақтың жиналып «мен қазақпын», «жеке мемлекет бола аламын» деп жарияға жар салған күні. Сондықтан оны бағалай білу керек. Бізге керегі – бейбіт өмір. Бейбітішілік болсын!» – деді Қазақстан композиторлар одағының төрағасы Балнұр Қыдырбек.
29 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойғанын еске сала кетейік.
Аталған заңға сәйкес 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып қабылданды.