Міне, биыл Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жыл басында жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» тақырыбындағы мақаласында: «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралып, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін мезет», деген болатын. Шынында да бұл 30 жыл уақыт еліміздің мемлекет болып қалыптасуына, әлемдік қауымдастықтан өз орнын айқындауына, түбегейлі қалыптасуына жол ашқан айтулы кезең болды. Осы мерзімде Қазақстан экономикалық жағынан қарыштап алға басумен қатар әлеуметтік салада да бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жетті. Мұның ішінде білім жүйесі де жедел даму кезеңдерін басынан кешірді. Бұл туралы VII сайланған Алматы қаласы мәслихатының депутаты Рахат Шимашева айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі egemen.kz сайтына сілтеме жасап.
«ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Біз болашақтың жоғары технологиялық және ғылыми ауқымды өндірістері үшін кадрлар қорын жасауымыз қажет. Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алысты барлап, кең ауқымда ойлай білетін заманауи басқарушыларынсыз біз инновациялық экономика құра алмаймыз. Демек, барлық деңгейдегі білім беруді дамытуға бағытталған тиісті шаралар қолдануымыз шарт». Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың осы тапсырмасын басшылыққа алған еліміздің білім саясаты әлемдік аренадан өз орнын нақтылауда. Өйткені білімді ел ғана әлемдік өзгерістер көшіне ілесе алатыны мәлім. Тәуелсіздік жылдарындағы отандық білім беруде жинақталған тәжірибелерді талдап, саралап қарасақ, еліміздегі білім беру жүйесі әлемдік стандартқа жақындап қалғанына нақты деректер көз жеткізеді.
Елбасының инновациялық ой-пікірлері мен ұстанымдары басшылыққа алынып, еліміздің білім беру жүйесін жаңаша құрып, жаңа бағытта дамытып, жетілдіруде жасалған алғашқы қадамдар, өзгерістер мен жаңалықтар, реформалар, жаңа технологияларды енгізудің нәтижелері бүгін өз жемісін беруде. Сөйтіп, осы инновациялар еліміздің тәуелсіз даму кезеңіндегі тарихи шындығына айналуда, сондықтан қазіргі Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа ену үдерісін зерделеуде білім жүйесіне енгізілген заманауи өзгерістер мен жаңаша бетбұрыстардың маңыздылығын ескермеуге болмайды. Олар Қазақстанның жаңа заманға барынша бейімделіп, өз саясаты мен өз экономикасын түзеп, сөз бостандығы мен ой еркіндігіне негізделген демократияны жетілдіріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуда жасалған маңызды қадам, іргелі іс-шаралардың бірі болып қала беретіні сөзсіз.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында «Білім беру туралы» (1993ж), «Білім туралы» (1999ж), «Ғылым туралы» (1999 ж) жаңа заңдар мен сол заңдарға байланысты үкіметтің қаулы-қарарлары және еліміздегі білім саласын дамытуға бағытталған 6 мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Сол жылдары осы заңдар мен қаулыларды жүзеге асыру үшін бүкіл еліміз бойынша үлкен айтулы іс-шаралар атқарылды: саралау-сараптау жұмыстары жүргізілді, республикалық ғылыми-практикалық конференциялар мен ғылыми іс-шаралар өткізілді. 1993 жылы еліміздің танымал ғалым-ұстаздарының дайындап, ұсынуымен «Білім беруді мемлекеттік қолдаудың ұлттық бағдарламасы» дүниеге келді. 1996 жылы білім беру жүйесін реформалаудың мемлекеттік бағдарламасының жобасы дайындалды. 2000 жылы 26 тамызда «Мемлекеттік міндетті білім стандарты» қабылданып, содан көп кешіктірілмей, 2000 жылы 30 қыркүйекте Қазақстан Республикасының «Білім беру бағдарламасы» бекітілді.
Қазақстанның білім саясаты мен білім жүйесіне елеулі бетбұрыс 1997 жылы қабылданған «Қазақстан-2030» ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламасы өмірге келген кезден басталды. Осы бағдарламаны жүзеге асыруға кіріскен Қазақстан қоғамы экономика мен әлеуметтік салалардың барлық бағытын жаңаша құру үшін пәрменді іс-әрекеттерге көшіп, қазақстандық дамудың жаңа сатысына бет алды. Еліміздің білім саясаты мен оның жүйесі де осы бағдарлама аясында атқарылған ауқымды да маңызды жобалардың бел ортасында болды. Айта берсек, Тәуелсіздіктің 30 жылында еліміздің білім жүйесі жан-жақты қанат жайғанын байқар едік.
Мемлекет қамқорлығы арқылы осы жылдары елімізде ондаған жоғары оқу орындары, колледждер, лицейлер, гимназиялар ашылды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университеті сияқты беделді жоғары оқу орындары өмірге келді. Әлемнің ең таңдаулы оқу орындарымен теңесе алатын Назарбаев университеті қазақстандық жоғары оқу орындарының брендіне айналып отыр. Кеңестік дәуірде бүкіл еліміз бойынша жоғары оқу орындарының саны 50-ге жетер жетпес болса, тәуелсіздік жылдарында ол 3 есе артты. Қазақстанның әр аймағында өңірлік университеттердің құрылуы ел жастарын өз өңірлерінде оқытуға мүмкіндік берді. Елбасының тікелей бастамасымен өмірге келген «Болашақ» бағдарламасымен соңғы 20 жылда 15 мыңнан астам жастарымыз шетелдердің ең үздік университеттерінде білім алып, бүгінде еліміздің халық шаруашылығының әр алуан салаларында қызмет істеп жүр.
Мен өзім ұзақ жыл Алматы қалалық білім басқармасын басқарған тұлға ретінде Тәуелсіздік жылдарында жалпыға бірдей орта білім саласында қол жеткен жетістіктерге тоқталуды жөн көрдім. Кеңес өкіметі кезінде қазақ мектептері жаппай жабылып, ұлт мектебіне деген зәрулік асқынып тұрған кез еді. Қала халқы жылма-жыл өсіп отырғанына қарамай, мектеп тапшылығы да айқын сезілетін, 3-4 ауысымда оқытатын мектептерде білім сапасы ойдағыдай болмады. Бұл тек қаладағы жағдай ғана емес, бүкіл Қазақстанға ортақ мәселе болатын. Мемлекет басшысы, ең алдымен, жаңа мектептер салу, орта білім беретін ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, 3 ауысымда оқытатын мектептер қатарын азайту, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру, оқу-тәрбие үдерісіне әлемдік инновацияларды енгізу, білім ұяларын компьютерлермен, ақпараттық техникалармен жеткілікті жасақтау, тәуелсіз елге лайықты жаңа оқулықтар енгізу, ұстаздардың біліктілігін арттыру, жаңа білім бағдарламаларын әзірлеу мәселелерін бірінші кезекке қойғаны әлі есімізде. Елімізде жаңа мектептер салу, оларды заманауи ақпараттық техникалармен жабдықтау ісі жедел жүзеге асырылды. Өткен 30 жылда елімізде 1800-ден астам мектеп, 2 мыңнан аса мектепке дейінгі балалар мекемелері, балабақшалар салынды. Дарынды балаларға арналған Назарбаев зияткерлік мектептері жүйесі құрылып, елімізде 20-дан аса зияткерлік мектептер салынып, пайдалануға берілді.
Тәуелсіздік жылдарында Алматы қаласының білім жүйесі де түбегейлі жаңарды. Осы жылдар ішінде шаһарда 35 жаңа мектеп, бұрынғы мектептерге қосымша 38 қосалқы ғимараттар, 62 жаңа балабақша салынып, бәрі де жаңа жиhаздармен, компьютерлермен, басқа да ақпараттық техникалармен жабдықталды. Жаңадан 38 636 оқушы орны жасақталды. Қазақ мектептерінің саны 66-ға жетті. Қазір 110 мыңнан астам оқушы қазақ мектептерінде білім алуда. Тәуелсіздік жылдарында білім берудің жаңа моделі құрылды. Орта білім жүйесі жеке мектептермен, лицейлермен, гимназиялармен, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептермен толықты. Барлық сынып 100 пайыз жаңартылған білім мазмұнына көшті. Алматыда екі бағыт бойынша Назарбаев зияткерлік мектептері жұмыс істеуде. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқытатын бұл мектептердің іс-тәжірибесі бүкіл білім жүйесіне таратылуда.
Тәуелсіздік жылдарынының тағы бір табысы: білім сапасын бағалаудың Ұлттық жүйесін қалыптастыруы дер едім. Сонымен бірге ҰБТ, ВОУД, лицензиялау сияқты ішкі және сыртқы (халықаралық) бағалау құралдары да кеңінен қолданылуда. Қала мектептерінің оқушылары PISA, TIMSS, PIRLS сияқты халықаралық салыстырмалы зеттеулерге де белсене қатысып, Қазақстан оқушыларының халықаралық деңгейде білім жетістіктерін паш етуде. 2017 жылдан бастап оқушылардың өз ықыластарына қарай информатика, физика, химия және биология сияқты жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту қолға алынды. Мектеп бітірушілердің тестті ағылшын тілінде тапсыруына мүмкіндік беріліп отыр.
2002 жылдан бастап отандық арнайы білім беру жүйесінде оңалту орталықтары, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері сияқты жаңа құрылымдар пайда болды. Алматы қаласында да мұндай арнайы жүйелер көптеп ашылды. Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға айырықша көңіл бөлінуде. Орта білім жүйесінде педагог-магистрлер саны арта түсуі де білім сапасына әсерін тигізуде десек, бұл дәл тәуелсіздік жылдары жетістіктерінің бірі деуге болады.
Алматы қалалық білім басқармасы жанында білім ұйымдары үшін онлайн конференциялар ұйымдастыратын ресурстық орталық ашылды. Мектептердің пән кабинеттері арнайы жабдықтармен толық жабдықталды. Бұларда практикалық сабақтар мен зертханалық жұмыстар атқаруға толық мүмкіндік бар.
Қалалық білім басқармасы «Алматы қаласының үздік білім беру ұйымы» және «Қаланың үздік мұғалімі» конкурстарын жиі өткізіп тұрады. Оның жеңімпаздары пәтер, автокөлік және ақшалай сыйлықтармен марапатталуда. Бүгінде қала мектептерінің бәрі бейнебақылау құрылғыларымен қамтылған, интернет желісі тұрақты жұмыс істейді.
Өткен ғасырдың 90-жылдары мектепке дейінгі балалар мекемелерінің көпшілігі жабылып немесе жекешелендіріліп кеткені белгілі. Ал 2000 жылдарға қарай, ел экономикасының жаңа тынысы ашылуына орай, жаңа балабақшалар салу, ескілерін қалпына келтіру, жекешеленіп кеткендерін қайтару нәтижесінде балалар мекемелері көбейе түсті. Жеке балабақшалар мен шағын орталықтардың көптеп ашылуы мектепке дейінгі балалар ұйымдарына деген қажеттіліктерді қанағаттандыруға көп мүмкіндік берді. Соңғы 20 жылдың көлемінде жеке балабақшаларың саны еселей артты. Сонымен бірге қалада ерекше қажеттілігі бар балаларға инклюзивті білім беру, оларды оңалту және түзету мекемелерімен қамту мәселесіне айрықша көңіл бөлініп отыр.
Мектепке дейінгі тәрбиеге мемлекеттік тапсырыс беру ісі заңдастырылып, мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау айтарлықтай жеңілдетілді. «Балбөбек» (1996 ж.), «Қайнар» (2007ж.), «Алғашқы қадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» сияқты отандық бағдарламалар жемісті жұмыс істеуде. 2016 жылы енгізілген мектепке дейінгі тәрбие және білім беру типтік бағдарламасы бүлдіршіндердің базалық дағдыларын қалыптастыруға қызмет етуде. Жаңартылған мазмұн шеңберінде 2017 жылдан бері балалардың қабілеті мен дағдысын бағалаудың индикаторлық жүйесі енгізілді. Ал 2018 жылы мектепке дейін білім мен тәрбие берудің мемлекеттік стандарты қабылданып, 2019 жылы балаларды ерте дамыту бағдарламасы енгізілді. Мұның өзі ерте жастағы (0-3 жас) балдырғандардың әлеуметтік дағдысын қалыптастыруға, өздігінше білім алуын қамтамасыз етуге, педагогтер мен ата-аналардың құзыреттілігін арттыруға бағытталған мемлекеттік қамқорлық деп білуіміз керек.
Сонымен бірге мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруді дамытудың толыққанды моделі жасалып, балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту аясы кеңейе түсті. Мектепке дейінгі ұйымдарда балаларға орын бөлудің ашықтығы мен ұтқырлығын қамтамасыз ету үшін қалада және басқа да аймақтарда балабақшаларға жолдама білім басқармалары мен бөлімдерінің қатысуынсыз автоматты түрде берілетін болды. Балабақшаны ата-аналардың өз беттерінше таңдау еркіндігі берілуі бұл мекемелердің жауапкершілігін арттыра түсуде.
Әрқашан халқымыз балаларын оқытатын ұстазға үлкен құрметпен қараған. Шәкірттің ұстаздан алған тәлім-тәрбиесі оның болашағына жол сілтеп отырған. Сондықтан болар «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» дейді қазақ даналығы.
Осы орайда, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы еліміздің мұғалімдер қауымына жаңаша жұмыс істеуге кең жол ашатыны сөзсіз. Аталған Заңда «Жалпы ережелер», «Педагогтің мәртебесі және оның педагогикалық қызметі», «Педагогтің құқықтары», «Педагогтің міндеттері мен жауапкершілігі» сияқты негізгі бөлімдер бар. Осындағы екінші бөлімде педагогтің статусы, этикасы, педагогтің ар-ожданын қорғау, мұғалімге өз кәсіптік қызметін жүзеге асыруға жағдай жасау туралы арнайы баптар енгізіліп отыр. Мұның ішінде педагогті кәсіптік міндеттермен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға, одан білім беру саласындағы заңнамада көзделмеген есептілікті, не ақпаратты талап етуге, заңдарда көзделмеген тексерулерді жүргізуге, мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педагогтерін мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларына тартуға тыйым салынды. Енді мұғалімдер өз міндетіне сәйкес таза педагогикалық жұмыстармен айналысады.
Жалпы, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы білім саласы қызметкерлерінің құқықтарын, әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етумен бірге, еліміздің бүкіл ұстаздар қауымының мәртебесін көтеруге, ұстаз деген ардақты аттың абыройын арттыруға қызмет ететіні даусыз. Өткен жылдары Республикаға белгілі мұғалім Аягүл Миразова еліміздің дамуына ерекше еңбек сіңірген қайраткерлер арасында алғашқылардың бірі болып Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болды. Бұл еліміздегі ұстазға деген ұлы құрмет деп түсінеміз. Біз мұны мыңдаған мұғалімдер қауымының тәуелсіз елдің тыныс беретін тірегіне, ырыс беретін жүрегіне айналғаны деп білеміз.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында еліміздің білім жүйесін одан әрі дамыту туралы өз ой-тәжірибесімен бөлісіп, Үкіметке тиісті тапсырмалар беріп келеді.
Әрине, мемлекет қамқорлығындағы білім жүйесі бұдан былай да зор табыстарға жете беретіні сөзсіз. Себебі ел білімді болса ғана тәуелсіздік тұғырлы болары хақ.