Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінде мақаласы жарық көрді
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінде мақаласы жарық көрді. Almaty.tv қала әкімінің мақаласын оқырман назарына ұсынады.
Қазақстан өз тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде үдемелі және жасампаз даму бағытымен сенімді алға жүріп келеді. Егемен мемлекетті құру және оның болашағына деген сенім – міне, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1990 жылдары қалаған негіз және оны бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сенімді түрде жалғастырып келеді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік таңында қабылдаған шешімдері жас мемлекетке Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі алғашқы жылдардағы қиыншылықтарды сәтті еңсеруге көмектесті. Тұңғыш Президенттің пайымы елдің егеменді экономикасын, ішкі және сыртқы саясатын қалыптастырудың негізіне айналды.
Оның реформалары өткенін қастерлейтін, ішкі тұрақтылығын сақтайтын және қарқынды дамып келе жатқан жаңа Қазақстанды, сондай-ақ білімді, талантты, креативті, өзінің әлемдегі бірегей орнын сезінетін заманауи қазақстандық ұлтты құруға мүмкіндік берді.
Осы жылдар ішінде Елбасы саясатының басты жолсерігі қазіргі кезеңде Тұңғыш Президент бағытының сабақтастығы, өзі әзірлеген жас тәуелсіз мемлекеттің ұзақ мерзімді даму стратегиясын іске асырудың саяси кепілі болып табылатын Nur Otan партиясы болды. Партия қызметі әрдайым бірлік пен тұрақтылық, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру ісінде шешуші рөл атқарды.
Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде ақылды, талапкер және еркін ойлайтын адамдардың тұтас буыны өсіп-жетілді. Олардың кейбіреулері өз балаларын тәрбиелеп, өздерінің табыс тарихын құрып, елдің дамуына жеке үлестерін қосып үлгерді.
Алайда осы жылдар ішінде мемлекеттің негізгі қағидаттары өзгерген жоқ – бұл адамның әлеуметтік әл-ауқатына қамқорлық жасау, жеке басты құрметтеу, тиімді экономикалық саясат. Бұл құндылықтар барлығына түсінікті және әркімге жақын.
Елбасы атап өткендей: «Nur Otan партиясының рөлі – халықпен бірге болу, оның арманын білу, халықтың ниетін билікке жеткізу, билікті халыққа қамқорлық жасауға мәжбүрлеп, оның бірде-бір өтінішін ескерусіз қалдырмау.»
Сайлаушылар алдындағы, бүкіл қоғам алдындағы жауапкершілік біздің қызметіміздің айқындаушы қағидаты болып табылады. Біз олар үшін және олармен бірге қабылданатын азаматтардың басым көпшілігінің мүдделерін қозғай отырып, ел алдында тұрған міндеттерді іске асыруға дайынбыз.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Біздің бағытымыз берік, мақсатымыз айқын. Біз оған жету үшін не істеу керектігін білеміз. Біз жоспарларымызды дәйектілікпен іске асырып, барлық бастамаларымызды соңына дейін жеткіземіз. Біз кез келген сынақтар мен қиындықтарға дайынбыз», - деп айтып өтті.
Әрине, Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев саясатының сабақтастығын жан-жақты қамтамасыз ету арқылы ғана осы мақсаттарға қол жеткізуге, сын-қатерлер мен қиындықтарды жеңуге болатыны сөзсіз.
Партия істерінің нәтижелері, жоспарларымызды іске асырудың тиімділігі Алматының үдемелі дамуынан айқын көрінеді.
Еліміздің ірі мегаполисіндегі өз жұмысында Nur Otan партиясы біздің барлық азаматтарымызды толғандыратын аса маңызды мәселелерді шешу жолдарын ұсына алды. Қарапайым, тұрмыстық мәселелерден бастап едәуір ауқымды мәселелерді шешу үшін үлкен ресурстарды шоғырландыру қажет.
Жалпы, біздің стратегиялық құжаттарымыз, ең алдымен, партияның Сайлауалды бағдарламасы нақты өмірдің сынағынан өте білді деп санаймын.
Біз жаңа COVID-19 пандемиясымен алғаш рет бетпе-бет ұшырасқан кезде бағдарлама өзінің қажеттілігін ерекше дәлелдеді. Nur Otan партиясы өзін-өзі іске асыруға емес, дереу өзінің барлық күші мен ресурстарын адамдарға көмектесуге бағыттады. Біз пандемиядан қатты зардап шеккен аймақтардағы қызметті тез арада түзетіп, азаматтар мен бизнесті қолдау бойынша өз ұсыныстарымызды Үкіметке жібердік.
Коронавирустық инфекция эпидемиясы медицина мен денсаулық сақтауды дамытудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
ӨМІРДІҢ ЖАҢА САПАСЫ
Сапалы медициналық қызмет көрсету және денсаулық сақтау объектілеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету - әсіресе коронавирустық инфекцияға қарсы күрес жағдайында біз үшін басым міндеттердің бірі.
Бұған қол жеткізу үшін бірінші кезекте денсаулық сақтау инфрақұрылымын күшейту қажет болды. Соңғы екі жылда пандемияға қарамастан, екі модульдік аурухана мен жұқпалы аурулар ауруханасының филиалы салынды. Қаланың 16 ірі стационарында оттегі станциялары орнатылды. Кәріз суларын зарарсыздандыру және медициналық қалдықтарды кәдеге жарату жүйелері жаңғыртылды. Ағымдағы жылы біз №6 қалалық емхананы, сондай-ақ ауданаралық туберкулезге қарсы диспансерді күрделі жөндеу және сейсмикалық күшейту жұмыстарын аяқтау есебінен инфрақұрылымды күшейту міндетін орындадық.
Бұдан басқа, COVID-19 пандемиясына қарсы іс-қимыл шеңберінде жедел жәрдемді бағыттаудың жаңа моделін енгізу, негізгі клиникалық-диагностикалық бағыттар бойынша бас штаттан тыс мамандар институтын, қаланың барлық реанимация бөлімшесін бақылау үшін жедел ден қою реанимациялық тобын құру есебінен денсаулық сақтау жүйесінің жұмысы күшейтілді. Медициналық препараттар қорын қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмектердің тұрақтандыру қоры, тәулік бойы жұмыс істейтін Пациенттерді бақылау орталығы және Телемедицина орталығы жедел құрылды.
Сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету де маңызды болып табылады. Мұндағы басты міндет – мегаполисте мектепке дейінгі және оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу. Атап айтқанда, 4658 орындық 72 жекеменшік балабақша ашылды, 360 орындық 3 мемлекеттік балабақшаның құрылысы аяқталды, 9 мектепте 4150 орындық жаңа жапсаржай салынды.
Қала тұрғындары үшін жаңа өмір сүру сапасын қалыптастыра отырып, біз кедергісіз орта құру туралы да ұмытпаймыз. Ағымдағы жылы мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін 280 объект бейімделді, мемлекеттік мектептердің 80%-інде инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалды.
ТОП-100 КІРУ
Әрине, дағдарыс құбылыстары бізге әсер етпеді деп айта алмаймыз, бірақ осындай күрделі жағдайларда біз экономиканың тиімділігін арттыра алдық және қала дамуын жалғастырып келе жатқаны анық.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдауды кеңейту тапсырмасының арқасында қала экономикасындағы жағдай қалпына келу белгілерін көрсетіп отыр.
Біз пандемиядан кейінгі кезеңде экономиканың өсуі халықтың барлық тобының әл-ауқатына барынша әсер етуі тиіс деп есептейміз. Әр адам өзін-өзі тану үшін мүмкіндіктері кеңейіп, өмір сүру сапасы жақсарғанын сезінуі керек. Осыған байланысты Алматыда нақты жұмыс істейтін барлық кәсіпорындар үшін қолайлы жағдайлар жасау алдағы уақытта бірінші кезектегі міндет болуға тиіс.
Бүгінде Алматы – Қазақстанның ірі өңірлік экономикасы. Қала салықтың төрттен бір бөлігін береді және елдің ЖІӨ-нің бестен бір бөлігін құрайды.
Біз өмір сүру сапасы мен бизнес мүмкіндіктері жағынан әлемдегі ең үздік 100 қаланың қатарына кіруді мақсат етіп қойдық. Бұл үшін Алматыға мықты экономикалық негіз қажет, тиісінше, ЖӨӨ жылына кемінде 5% қарқынмен өсуі тиіс.
Мұндай өсуді қамтамасыз ету үшін жаңа индустрия секторларына мән беріліп, қала шаруашылығын терең құрылымдық реформалау басталды.
Қала экономикасын әртараптандыру міндетін іске асырудың басты құралы жеке инвестицияларды тарту болып табылады. Бүгінде 187 млрд. теңге сомасына 21 инвестициялық жоба іске асырылды.
Қалада шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен мән берілуде. Оны қолдаудың негізгі құралдары – мемлекеттік және қалалық бағдарламалар. Біз қазір «Бизнестің жол картасы–2025», «Қарапайым заттар экономикасы, Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы, Almaty Business-2025 секілді бағдарламалар туралы айтып отырмыз.
Бизнестің жол картасы–2025» бағдарламасын ғана іске асыруға ағымдағы жылы 18,6 млрд теңге бөлінді. Бүгінде 127,4 млрд. теңге сомасына 1351 жоба мақұлданды.
Жалпы, мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта бизнеске биыл 52,2 млрд. теңге кредит бөлінді.
Қазірдің өзінде қалада 52,3 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыссыздық деңгейі 5,3%-тен 5,1%-ке дейін төмендеді, ал орташа айлық жалақы 296 мың теңгені құрады.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнімнің өсімі 105,5%-ті, ал 9 айдағы қысқа мерзімді экономикалық индикатор 9%-ке артты.
ШЕТСІЗ ҚАЛА
Алматылықтар үшін тең жағдай мен өмір сүру сапасын қамтамасыз ету Nur Otan партиясы жұмысының басым бағыты болып табылады.
«Шетсіз қала» қағидаты бойынша Алматыда қосылған аумақтарда инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі жобаларды іске асыру қамтамасыз етіледі.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде қаланың 24 шағын ауданында ұзындығы 92 км су құбыры және 36,5 мың үйді қамти отырып, 77 км кәріз желісі тартылды. Нәтижесінде, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету 98,4%-ке дейін жеткізілді.
Ағымдағы жылы 16 км газ құбыры салынды, бұл халықтың газбен қамтамасыз етілуін 99,2%-ке дейін арттыруға мүмкіндік берді.
Жыл соңына дейін жарық мүлдем болмаған көшелерді толық жарықтандыруға қол жеткізіледі.
Жолдардың сапасына да көп көңіл бөлінеді: бүгінде 415 көшеде ұзындығы 108 шақырым жол жабынының құрылысы жүргізілуде.
Бұдан басқа, үш көлік жолайрығының құрылысы жалғасуда. Ағымдағы жылы Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысындағы көлік жолайрығы бойынша қоғалысты ашу және Бұқтырма көшесі мен Құлжа трактісі қиылысындағы көлік жолайрығының эстакадасы бойынша ішінара қозғалысты ашу жоспарланған.
Жыл соңына қарай Абай даңғылын Момышұлы көшесінен Наурызбай ауданының әкімшілік орталығына дейін ұзындығы 3,5 шақырым жолды ашу жоспарлануда.
Алматыда күн сайын 700 мың автокөлік жүреді, миллионнан астам адам қатынайды. Бұл қала инфрақұрылымына үлкен жүктеме түсіреді. Сондықтан қоғамдық көлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Метро желісінің «Бауыржан Момышұлы» және «Сарыарқа» станцияларының құрылысы жүріп жатыр. Биылғы жылы техникалық іске қосу жоспарлануда. Келесі «Қалқаман» станциясы бойынша құрылыс жұмыстары басталды.
Тұрғын үй Алматы үшін әрқашан өзекті мәселе болғандықтан ол біздің жұмысымыздағы басты міндет болып табылады. Қазірдің өзінде жыл соңына дейін 5114 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі деп айтуға болады. Қалада барлығы 1,6 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді: бұл 10 510 пәтер және 1678 жеке тұрғын үй.
Қала инфрақұрылымын дамыта отырып, біз тұрғындардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударамыз. Қылмыстың ашылу және алдын алу деңгейін арттыру, криминогендік жағдайды талдау мақсатында осы жылы 1000 интеллектуалды бейнебақылау камерасы орнатылды. Инфрақұрылымының төтенше жағдайларға қарсы тұруын арттыру үшін Наурызбай ауданында 6 көлікке арналған өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді, жақын арада Алатау ауданында осындай депоны ашу жоспарлануда. Жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қашықтан басқарылатын датчиктері бар 93 бағдаршамды қосу арқылы қалада жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесін жаңғырту аяқталды.
Алматылықтар жиі көтеретін ең өзекті тақырып – қала экологиясы. Экологиялық жағдай жақсарса, жасыл желектер алаңын ұлғайтуға, стихиялық қоқыс тастайтын жерлерді жоюға және қоқысты кәдеге жаратуды толық қамтамасыз етуге мүмкіндік болады.
Ағымдағы жылы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында 360 мыңға жуық ағаш отырғызылатын болады, бұл жасыл екпелер алаңын бір адамға 8,4 шаршы метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, Келесі жылы тағы да 250 мыңнан астам ағаш отырғызу есебінен екпелер алаңы бір адамға 9,3 шаршы метрге дейін ұлғайтылатын болады.
Қалада қоқыс шығару толық қамтамасыз етіліп, барлық стихиялық қоқыс орындары жойылды. Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 8%-тен 14%-ке дейін ұлғайды.
Қалаға кіре берісте қосымша 15 экопост орнатылды, 1600 жеке үй табиғи газға ауыстырылды, велоинфрақұрылым белсенді дамуда.
БЕЛСЕНДІ ТҰРҒЫНДАР
Қазақстанның Тұңғыш Президенді - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үнемі айтып өтетіндей «Ұлт саулығы – мемлекеттің басты басымдығы».
Біз негізінен қаланың спорттық инфрақұрылымының желісі мен қолжетімділігін кеңейту есебінен тұрғындарының денсаулығын нығайтуға және салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыруға қол жеткізе аламыз. Бұқаралық спортты дамыту үшін ағымдағы жылы 19 мектептің дене шынықтыру-спорт аймағының құрылысы аяқталды, аулаларда, саябақтарда және скверлерде 97 Workout спорт алаңы орнатылды. 10 спорт нысаны пайдалануға беріледі, оның 6-ы жергілікті бюджет есебінен. Бұл 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, оның ішінде Жаңа Алматының: Жетісу ауданы Айнабұлақ-2, Кемел, Құлагер шағын аудандарындағы, Медеу ауданының Алатау шағын ауданындағы, Түрксіб ауданының Жас Қанат шағын ауданындағы кешендер, Алатау ауданындағы жабық және ашық корттары бар теннис орталығы.
Салу бір бөлек, оған адамдарды тарту – бір басқа. Менің ойымша, бұл біздің қолымыздан келіп жатыр. Бұл жерде біздің ұлы спортшыларымыз, федерацияларымыз, қауымдастықтарымыз жақсы үлгі көрсетуде.
Мәселен, балаларды тегін спорт секцияларымен қамтуды арттыру үшін мектеп спорт Федерациясымен бірлесіп қала мектептерінде спорт клубтарын ашу жұмыстары жүргізілуде.
Алматы – жастар қаласы. Мұнда 700 мыңнан астам жастар тұрады, олардың 233 мыңы студенттер. Жастар әрқашан халықтың белсенді тобы болған және оның маргиналдануына жол бермеу құралдарының бірі жастардың тиімді жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету болып табылады, оны іске асыру үшін біз қажетті жағдайларды жасап жатырмыз.
Мәселен, жыл басынан бері жастар практикасына 1500 адам тартылды. "NEET" санатындағы 600 азамат толығымен кәсіби оқытумен қамтылған.
"Алматы жастары 3.0" тұрғын үй бағдарламасы аясында 837 отбасы төмен пайыздық мөлшерлемемен несие алды.
Жастардың әлеуметтік жобаларын іске асыруға жүз мыңға жуық жас азаматтар тартылды, шығармашылық жастар, жас ғалымдар, стартапшылар партиядан қолдау алды.
***
Елімізді жаңғырту және барлық қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі реформалардың жалпы мемлекеттік бағытының жалғасы болып табылатын Nur Otan партиясының өңірлік Сайлауалды бағдарламасын орындаудың алғашқы нәтижелері осындай.
Келесі жылы 2021 жылы басталған іс-шараларды іске асыру жалғасатын болады, сондай-ақ жаңа жобаларды жүзеге асыру басталады.
Атап айтқанда, сумен жабдықтау желісін одан әрі кеңейту есебінен халықтың сапалы ауыз суға қол жеткізу деңгейі 2022 жылдың соңына дейін 99%-ке дейін артады.
Газға қолжетімдіктің артуы да назардан тыс қалмайды және 2022 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 99,4%-ке жетеді. Бұдан басқа, қалада шамамен 125 км арық желілері мен нөсер кәрізі қайта жаңартылып, салынады.
Әлеуметтік салада мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелеріне деген үлкен қажеттілікті ескере отырып, біз 4 мемлекеттік балабақша саламыз, жеке меншік балабақшалар ашуды ынталандыру жөніндегі жұмыс жалғасады, бұл балаларды (3-6 жас) мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды 93%-ке дейін арттыруға мүмкіндік береді. 2022 жылы 7 мектеп, оның ішінде ағымдағы жылы басталған 5 мектеп пен 5 жапсаржай салынады.
Іскерлік белсенділікті ынталандыру және жұмыспен қамтуды жақсарту үшін Қарапайым заттар экономикасы, Almaty-Business-2025 және т.б. сияқты кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларын іске асыру жалғасады. 5 өнеркәсіп парктері ашылатын болады. 50 мыңнан астам жұмыс орнын ашу арқылы біз жұмыссыздық көрсеткішін 5,1%-тен аспайтын деңгейде сақтап қалуға тырысамыз.
Тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде 2800-ге жуық отбасы баспаналы болады. 200-ден астам көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді. Қаланың барлық аудандарында 200-ге жуық ауланы көріктендіруге ниеттіміз.
Бұл шаралар, сондай-ақ басқа да бірқатар әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар өмір сүру және жұмыс істеу жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді.
Алдымызда барлығымыз үшін маңызды күн – ол Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Тарих толқынында үш онжылдық – аз ғана сәт, бірақ дәл осы кезең тәуелсіз заманауи мемлекетті құру жолына нық сеніммен қадам басқан Қазақстан өміріндегі маңызды тарихи кезеңге айналды. Тәуелсіздік жылдары саяси тұрақтылық пен елдің елеулі экономикалық даму кезеңі өтті.
Соңғы уақыттағы сын-қатерлер партияның саяси тұғырнамасында көрініс тапқан біздің қоғамымыздың басты құндылықтарының, ең алдымен, адами құндылықтардың, заң үстемдігінің, бірлік пен болашаққа деген бірлескен ұмтылыстың, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлердің іргелі маңыздылығын тағы да растады. Қоғамымыздың іргелі негіздерін ұстана отырып, біз жаңа жетістіктер үшін күш біріктірдік.
Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» Сайлауалды бағдарламасы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев негізін қалаған реформалар мен қайта құру бағытының жол картасы болып табылады. Бұл өршіл, бірақ нақты есептелген мақсаттар мен қажетті ресурстармен бекітілген бағдарлар. Осы үдерісте басты шоғырландырушы рөл атқаруға шақырылған, елдің жетекші саяси күші – Nur Otan партиясының белсенді күш-жігері осыларды орындауға бағытталған. Алматы қаласы оған сенімді қолдау көрсететініне күмән жоқ.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі