Тәуелсіздіктің 1995 жылы Абай жылы болып жарияланды. Бұл жылы қазақ елін әлемге танытатын ұлттың дара тұлғасын ұлықтаумен ұласып, Президент Нұрсұлтан Назарбаев ЮНЕСКО-ға Абайдың 150 жылдығын әлемдік деңгейде атап өтуге ұсыныс жасады, ол жаһандық беделді ұйымнан қолдау тапты. Сөйтіп 70 жылдық езгіде қалың тұманмен тұмшаланып келген Абайды жаңа қырынан тануға, оның шығармаларымен толық әрі жан-жақты сусындауға Тәуелсіздіктің арқасында қол жетті. Тәуелсіз ел өзінің ірі тұлғасын әлемге танытатын, Абаймен мақтанатын жағдайға жетті. Сол ғана емес, Абай ілімімен әлі де мәңгі сусындап өтуді мұрат етіп бекітті. Ақынның 150 жылдығын тұңғыш рет кең көлемде атап өту де соның айғағы еді.
Парақтасақ, 1995 жылы ел өмірінде үлкен-үлкен өзгерістер орын алған. Қайта жаңғыруға қатысты қозғалыстар туып, экономикалық қыспақ үдерістері әлі де жағадан алған тұс. Ал ішкі саяси жағдайларға келетін болсақ, дәл осы жылдың басты оқиғасы - қолданыстағы Ата Заң дүниеге келді. «Бүгінде біздің еліміз 1995 жылғы Конституция бойынша өмір сүреді. Ол қабылданғаннан кейін Қазақстан өзінің одан әрі даму жолын түпкілікті таңдап алды. Бүкілхалықтық референдумда қабылданған осы Негізгі Заң, шын мәнінде, қоғамдық келісімге айналды, сол бойынша өкімет Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетке айналдыруды өзіне басты міндет етіп алды, ал азаматтар Конституцияны және еліміздің заңдарын бұлжытпай орындауға жауапкершілікті өз мойындарына қабыл етті. Осындай өзара міндеткерлік қоғам мемлекеттің одан әрі нәтижелі дамуына тиянақты негіз қалыптастырады және біздің болашаққа сеніммен қарауымызға мүмкіндік береді», - деп жазады Елбасы Н. Назарбаев «Қазақстан жолы» атты кітабында.
-10 ақпан - Алматыда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Президенттері кездесті. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев, Асқар Ақаев, Ислам Кәрімов Орталық Азияда біртұтас экономикалық кеңістік кұру туралы қол жеткен уағдаластық шеңберінде үш елдің бірлескен күш-жігерімен атқарылған жұмысқа талдау жасады;
- 1 наурыз - Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. «Бұндай ұйым ТМД елдерінің ешбірінде жоқ. Ең бір қиын күндерде шын мәніндегі халық өкілеттілігінің органы болды. Қай ұлттардың да азаматтарын саяси, экономикалық және әлеуметтік салалардың жаңаруына жұмылдыратын қоғамдық ынтымақ органы - Қазақстан халықтары Ассамблеясын құру туралы шешім 1992 жылғы желтоқсанда өткен Қазақстан халықтары құрылтайында қабылданды.
- 3 наурыз - ҚР Президенті Н.Назарбаев Арал теңізін сақтау мәселелері бойынша Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кеңесіне қатысу үшін Түркіменстанға сапар шекті. Түркіменстанның Дашховуз қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Арал проблемалары жөніндегі кеңесі өтті. Аралды құтқарудың халықаралық қоры, мемлекеттік кеңес және атқару комитеті құрылды. Қордың Президенті болып Н.Назарбаев сайланды;
- 29 сәуір - ҚР Президенті Н.Назарбаевтың құзырет мерзімін ұзарту бойынша республикалық референдум өтті. Орталық комиссия шығарған 1995 жылғы 29 сәуірдегі Президенттің өкілеттігін ұзарту туралы референдумның дауыс берудің қорытындысы мынадай болды: референдумға қатысу үшін тізімге енгізілген 9 110 156 азаматтың дауыс беруге қатысқаны - 8 309 637 адам, немесе 91,21%. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың 7 932 834-і өкілеттікті ұзартуды жақтады, олар - жалпы дауыс бергендердің 95,46 пайызы.
- 12 маусым - ҚР Президенті Н. Назарбаев Алматыда Түркия Республикасының Президенті С.Демирелді қабылдады. Маусымның 14 күні Нұрсұлтан Назарбаев пен Сүлеймен Демирел Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауидің кесенесін калпына келтіру жұмыстарымен танысты. Бұдан кейін олар Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университетінің жаңа ғимаратының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Өз кезегінде С.Демирель осы жоғары оқу орнында тек Қазақстан мен Түркияның ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия мемлекеттерінің, басқа да түркі тілдес елдердің жастары да оқитынын атап өтті. Сондай-ақ, ол университет кұрылысына 65 млн. доллар қажет болатынын, бірінші кезекті тұрғызуға қазірдің өзінде 10 млн. доллар бөлінгенін хабарлады;
- 3 шілдеде Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Алматы қаласында Тәуелсіздік ескерткішін орнату туралы» қаулысы шықты;
- 18 тамыз - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы елшілігін ашу туралы жарлыққа қол қойды.
- 30 тамыз Республикалық референдум арқылы елдің Негізгі Заңы - Конституциясы қабылданды. Референдум арқылы дауыс беруге 8 миллионнан астам азамат қатысып, жаңа Конституцияны жақтап 7 млн. 210 мың адам (89,1 пайыз) дауыс берді. Конституцияның жаңа жобасын талқылауға 3 миллион 345 мыңнан астам қазақстандық қатысып, 31 886 ұсыныстар мен ескертулер жасады, соның нәтижесінде жобаның, 98 бабының 55-іне 1100 түзетулер мен қосымшалар енгізілді, сол сияқты Конституцияға жаңа тарау мен бірқатар жаңа баптар қосылды. Жалпы алғанда Конституция мәтінінің 18 нұсқасы дайындалған;
- 22 қазан - ҚР Президенті Н.Назарбаев Португалияда өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 50-сессиясында баяндама жасады. Онда Президент әлемдік қауымдастыққа жалпы ауқымдық және қауіпсіздік жүйелерінің өзара ықпалдастығын арттыруға байланысты нақты ұсыныстарын жасады;
- 14 қараша - Мәскеуде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев РФ Президенті Б.Ельцинмен кездесті. Кездесу барысында мемлекет басшылары екі жақты қарым-қатынас және ТМД-дағы интеграциялық процестер мәселелерін талқылады;
- 12 желтоқсан - Конакриде (Гвинея) өткен ИКҰ мүше елдер сыртқы істер министрлерінің конференциясында Қазақстан Ислам конференциясы ұйымына кірді;
Дереккөз: inform.kz