Тәуелсіздік шежіресі: 1994 жылы Қазақстан ядролық қарудан бас тартты

1994 жылы Жоғарғы Кеңес астананы Ақмола қаласына көшіру туралы шешім қабылдады

Тәуелсіздік шежіресі: 1994 жылы Қазақстан ядролық қарудан бас тартты коллаж Almaty.tv

Тәуелсіздік. 1994 жыл. Мемлекет ретінде әлемдік картадан орын алып, өз Туымызды желбіреттік, елдік таңбамызды – Елтаңбамызды бекіттік, Әнұранды шарықтатып, төл теңгені тұғырына қондырдық. Халықаралық қатынас жөнге келіп, достық байланыстар артып, сауда-саттық жайлана бастады. Әйтсе де ел ішіндегі қиыншылық әлі де тірлікті шатқаяқтатып тұрды. Бұрынғы жүйедегі кеңшарлар мен ұжымдық бірлестіктер тоз-тозы шығып, жекеменшік ұғымы жайлап ене бастаған тұс. Ортақ шаруашылықта жұмыс жасағандардың жекеменшікке әлі де үрке қарайтын кезі. Бір жағынан инфляция барынша шарықтап, қаржылық дағдарыс жағадан алған шақта бәрін де өкіметтен күтіп үйреніп қалған халық нарықтық қарым-қатынасқа «күмп» беруге кібіртіктеп тұрды.

1994 жылы Жоғарғы Кеңес астананы Ақмола қаласына көшіру туралы шешім қабылдады. Дәлірек айтқанда, 1994 жылы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңес отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түрлі мемлекеттердің астананы ауыстыру жөніндегі тарихи тәжірибесімен, ғылыми негіздемелерімен, геосаяси қажеттілікпен тұжырымдалған баяндамасымен жан-жақты түсініктерінен кейін көпшілік дауыспен «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмола қаласына ауыстыру туралы ұсынысына келісім берілсін» деген тарихи шешім қабылданып, жария етілді. Бұл да Елбасы көрегендігі арқасында ел болып атқарылатын үлкен істің алғашқы іргетасы еді. Сөйтіп қазіргі Астананың орнына жайғасу тарихына да осы жылдың көп әсері болды.

1994 жыл. Елдің ішкі жағдайы әлгіндей болғанда, негізгі басымдық әлі де сыртқы саясатта болып табылатын. Қазақстанның Ядролық қарусыз әлемге ұмтылған ғаламдық бастамасы да дәл осы жылдың еншісінде. Расында қуаты жағынан әлемнің төртінші ядролық қаруынан бас тарту арқылы жас Қазақстан өзінің бейбіт даму үлгісін жер жаһанға паш етті.  1994 жылдың 16 ақпанында Елбасы Н. Назарбаев Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойды. Сөйтіп, Қазақстан өз еркімен қуатты қарудан бас тартып, ядролық қаруы жоқ ел ретінде осынау зұлматпен күрестің алғашқы баспалдағын қалады. Расында да бұндай қадам Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтпаса, әлсіреткен жоқ. Өйткені Ядролық қарудан бас тарта отырып, Қазақстан оның орнына сол кездегі жетекші ядролық державалардан - АҚШ, Ресей, Ұлыбританиядан еліміздің қауіпсіздігінің халықаралық кепілін талап етіп, 1994 жылдың соңына қарай оған да қол жеткізді. Кейіннен бұндай кепілдемеге Франция мен Қытай да қосылды. Бұл да жас Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет ретіндегі халықаралық аренадағы лайықты, маңызы зор жетістігі еді. 

1994 жыл: 

10-11 қаңтар ‑ ҚР Президенті Н.Назарбаев Өзбекстанда ресми сапармен болды. Мемлекет Басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримов екі ел арасында біртұтас экономикалық кеңістік құру туралы шартқа қол қойды. Қаңтардың 11 күні Нүкісте Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Ресей Федерациясының қатысуымен Арал теңізі бассейнінің проблемалары бойынша конференциясы өтті;

20 қаңтар ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Украинаға ресми сапар шекті. Сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Леонид Кравчук Қазақстан мен Украина арасындағы достық пен ынтымақтастық туралы Шартқа, Президенттердің «Қазіргі дүние: қыр көрсету және қатерлер» атты Декларациясына, екі мемлекет арасындағы қатынастардың жаңа көкжиектерін ашатын басқа да Қазақстан-Украина құжаттарына қол қойылды; 

28 қаңтар - 1 ақпан ‑ ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Давос қаласында өткен (Швейцария) Бүкіләлемдік экономикалық форумға қатысты;

13-18 ақпан ‑ ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары болды. Келіссөздер нәтижесінде Қазақ­стан және АҚШ Президенттері демократиялық ықпалдастық хартиясына қол қойды. Тоқтала кететін жайт, Шығыс Еуропа мен ТМД елдерінің ешбірі де АҚШ-пен мұндай келісім жасаспағанын айтсақ та жеткілікті. Бұл жас мемлекетіміздің аса көрнекті мәмілегерлік жетістігі еді.


Дереккөз: inform.kz

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир