Күйеуім көшіп кетті: Әкесінің аманатын арқалап, қазақ жерінде қалған неміс қызы

18.11.2021 21:15

Светлана Григорович ұлт ұясы – Ұлытау жерінде туып-өскен

Ұлытау өңірінде туып-өскен неміс қызы Светлана Григорович қазақ елін мақтан тұтады. Ол кіндік қаны тамған Қазақстан жері үшін Германияға қоныс аударудан да бас тартқан. Бұл туралы блогер Айсұлтан Жақыпов өзінің YouTube каналында жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Светлана Григорович ұлт ұясы – Ұлытау жерінде туып-өскен. Еңбек жолын Ұлытау кеңшарда бастаған.

«Мен барша қазақ бас қосқан Ұлытауда дүниеге келдім.  Ұлытау орта мектебін бітірдім. Сол жерде қызмет етіп келемін», – дейді  Светлана Григорович.

Светлананың туған-туыстарының 80 пайызы Германияда тұрады. Оның жолдасы да осыдан бірнеше жыл бұрын шет мемлекетке қоныс аударған. Ал Светлана жалғыз баласын алып, Ұлытау жерінде қалған.

«Күйеуім Германияға көшіп кетті. Мен қоныс аударуға келісім бермей, ұлымды алып осы жерде қалдым. Қазіргі таңда ұлым Нұр-Сұлтанда тұрады. Келінім Тараз қаласының қызы, ұлты қазақ. Құда-құдағиларымызбен арласып, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатырмыз», – дейді ол.

Неміс қызының туған-туыстарынан «тарихи Отаның Германияға қайт» деген ұсыныс жиі айтылатын көрінеді. Дегенмен Светлананың қазақ жерінде қалуының өзіндік бір себебі бар. Ол  әкесінің аманаты.

«Менің әкем «Осы қазақ жерінен, әсіресе Ұлытаудан ешқайда бармаймын, мен өлсем, осы жерге жерлеңдер» деп аманаттап қалдырды. Әкемнің сол сөзі жүрегімде мәңгі сақталып қалды. Ұлытауды қимаймын. Түрім еуропалық болғанымен, жүрегім қазақ деп соғады», – дейді неміс қызы.

Айта кетейік, бұл видео Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы тапсырысы бойынша түсірілген.