ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен елорданың туған күніне орай Алматыда бес сауда орны ашылды. Ашылу салтанатына Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева, Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Ерден Хайруллин, Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Жанар Сәдуақасова, Алматы қаласы Кәсіпкерлік басқармасының орынбасары Қанат Сағындықов, базар директорлары мен кәсіпкерлер қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алмалы ауданында жаңартылған «Кәрім» базарында 76 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, оның жалпы ауданы 20 000 шаршы метр. Базарда әртүрлі сегменттегі тауар бар. Сауда орындарының саны 400, инвестиция сомасы 300 млн.теңге.
Жетісу ауданындағы «Рахат» базарының жалпы ауданы 20 000 шаршы метр, базарда болашақта 600 жұмыс орны ашылмақ. Базарда киімнен бастап балық аулауға қажетті тауарлардың барлығы сатылады. Сауда орындарының саны 600, инвестиция сомасы 2 млрд.теңге.
Алтыннан жасалған бұйымдар, киімдер мен түрлі тауарды Жетісу ауданындағы жаңа «Алатау-1» базарының 4 блогынан табуға болады. Жалпы ауданы 10 000 ш.м., сауда орындарының саны 400, инвестиция сомасы 800 млн. теңге.
Жетісу ауданындағы «Керемет» базарының жалпы ауданы 16 000 шаршы метр болады, ол 400 адамды жұмыспен қамтымақ. Жобаға 300 млн теңге инвестицияланды.
Сондай-ақ, Елорда күніне орай Алматы қаласының Наурызбай және Алмалы аудандарында "Магнум" гипермаркеті, Бостандық ауданында "ТойМарт" супермаркеті, Түрксіб ауданында "Сулпак" дүкені және Бостандық ауданында орналасқан "Космос" ірі сауда және ойын-сауық кешені ашылмақ.
2019-2020 жылдары 16 базардың жаңарту жұмыстары басталды, қазір 10 базарда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, 6 базардың жобасы дайындалуда. Инвестициялардың жалпы сомасы 17 млрд. теңгеден асады, ол 1,5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда қаланың жұмыс істеп тұрған 52 базарының 23-інде жаңарту жұмыстары жүрді, оған 20 млрд.теңгеге жуық инвестиция салынып, 2,4 мың адамды жұмыспен қамтыды. Осы жылдың соңына дейін «Қазына» (1 кезең) және «Арлан» (1 кезең) базарларындағы жаңарту жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілмек.