Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ҚР Премьер-министрінің орынбасары, ҚР Президентінің Кеңесшісі қызметтерін атқарған, бірқатар жоғарғы оқу орындарының басшысы болған, сонымен қатар, егемен елдің ертеңі үшін ерлік жасаған тұлғаларымыздың бірі әрі бірегейі, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, түркітанушы ғалым Мырзатай Жолдасбековтің Тәуелсіздік туралы БАҚ беттерінде жарияланған ой-толғамдарынан үзінділер ұсынамыз.
***
Бәрі де тайға таңба басқандай көкірегімізде сайрап тұр. Кеңес Одағы деген империя құлап, тас-талқан болып жатқан кезде республикалардың әрқайсысы жеке шаңырақ көтеріп, ел болып жатты. Біз де құдайға тәубе деп, 1991 жылы бүкіл халық болып Елбасымызды сайладық. Сол кезде сайлаудың штабын басқарғаным есімде. 98,8 пайыздық дауыспен Нұрсұлтан Назарбаев Президент болып сайланған еді.
Үміт пен күдік арпалысқан елең-алаң, арты бар, алды күңгірт, көңілді үрей билеген, әбіржіген, шаршаған, титықтаған шытырман кезең әлі күнге дейін бәріміздің де жадымызда. Сондай аса бір жауапты шақта істің қисынын тапқан, қиындықты жеңе білген Президентіміздің көрегендігі де, көсемдігі де дәл бүгінгідей көз алдымызда. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, жанын шүберекке түйіп жүріп тыңнан жол іздеген, тарихтың жаңа дәуірін бастаған Елбасының сол тұстағы мазасыз күндерінің, ұйқысыз түндерінің, жан тебіренісінің, күйзелісінің куәсіміз. Ол ешқашан ұмытылмайтын, шайқасқа бергісіз, естен шықпайтын нағыз қарусыз майдан еді.
***
Қазақ бұрын-соңды мұндай қоғамды басынан кешкен жоқ. Сондықтан да Тәуелсіздіктің алды да, әдепкі жылдары да шым-шытырық, қым-қиғаш оқиғаға толы болды. Сеңдей қозғалған қоғамды, толқыған елді ұстап тұру, сабасына түсіру оңай болған жоқ.
Шын мәнінде, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары еліміз үшін өте қиын болғаны рас. Өзге ұлтты басқарып көрген жоқпыз. Бірақ маған өзге елді басқару оңай сияқты көрінеді. Ал қазақты басқару өте қиын деп ойлаймын. Қазақ – данышпан, шешен, көсем халық. Ондай мықты халықты басқару үшін де мықты адам болуы керек. Елбасы соның бәрінің жөнін, жолын таба білді. Елді ұйыстырып, халықты бірлікке топтастырды. Абай айтатын сөзі бар еді: «Бірлік – ақылға бірлік» деген. «Қазақ тәуелсіздікке дейін қол-аяғы кісендеулі, тілі байлаулы келді. Сөйлеп үйренсін» дейтін Елбасы.
***
Несін айтайық, тәуелсіздікті көрудің, оны сезінудің өзі де оңай емес еді. Қирандыдан ел түзеп, тәуелсіз мемлекет орнату, оны ұстап тұру – қиынның қиыны еді. Қуанған да, қорыққан да бір дегендей, елдің есі шығып, ақылға сыймайтын, адам айтса нанғысыз жиындар, шерулер өтіп жатты, бұрын ешкім білмейтін көлбеңдеген небір «көсемдер», сайраған неше түрлі «шешендер» шықты.
Әбіржідік, бірақ дағдарғанымыз жоқ, ақылға салдық, әліптің артын бақтық. Көктегіміз жерден табылып, басымызға бақ қонып жатқанда, тілі байланған ел сөйлесін, еркіндікті сезінсін дедік. Қолымыздан келіп тұрғанда істеп қалайық, тіліміз шығып тұрғанда сөйлеп қалайық дедік. Сондай сын сағаттарда, тар жол, тайғақ кешулерде алдымызда алмас қылыштай жарқылдап Нұрекең жүрді. Біз күндіз-түні жанында жүрдік. Желеу болдық. Демеу болдық. Түн ұйқымызды төрт бөлдік. Күлкісіз күндерді, ұйқысыз түндерді бастан кештік.
Ең қиын кезеңде Елбасының жанында болып, жауапты жылдарды, ел үшін, келешек үшін түн ұйқы төрт бөлінген ауыр жылдарды бірге өткіздік. Елге де, ерге де сын болған сол бір жылдарда халықты адастырмай алып шығу – ердің еріне, азаматтың ақылы мен арына артылған ауыр жүк, тарихи аманат еді. Елбасы сол міндетті абыроймен орындап шықты.
***
Мен Елбасының қиналысын, күйзелісін, бәрін қасында жүріп білдім, көрдім, сезіндім. Ол кісі маған аса жауапты қызметтерді сеніп тапсырғанда, «Басыңнан аяғыңа дейін алтын құйып, бар жағдайыңды жасап беремін» деп уәде берген жоқ. «Бұдан да қиын болады, бұдан да қиын болады» дегенді жиі айтатын. Сонда мен кейде әзілдеп: «Нұреке, сіз қорқыта бермесеңізші» дейтінмін. Сонда ол кісі: «Шындығын айтпаса болмайды» дейтін. Не істейміз енді? Жалаңаяқ, жалаңбаспыз, мемлекетте еш қаржы жоқ. Сонда ол кісінің тапқыр ақылы: «Қазақтарды жинап, Құрылтай өткізейік» деді. Солайша алғаш рет дүниежүзі қазақтарының басын қосқан алғашқы Құрылтайымыз өтті. Ұйымдастыру комитетінің төрағасы мен болдым, сөйтіп аса жауапты шараны өткізген едік...
Жалпы, Елбасының бір қапталында жүрген кезімізде, тәуелсіздіктің алдындағы елең-алаңда, дүрбелең мен дүбірден, ызы-қиқыдан аман шықсақ, бұл әуелі қадірменді Елбасының, қала берді сол кездегі билік басында жүрген азаматтардың жанкешті еңбегінің арқасы еді.
Тәуелсіздікті нығайту үшін қаншама мықты азаматтар Елбасының үзеңгілес серігі бола білді. Президентпен бірге жанын шүберекке түйген, терін төккен азаматтар аз болған жоқ. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды». Олардың бәрі бір ғана салада қызмет еткен жоқ. Түрлі саланы өркендетіп, елдің дамуына, экономикасының тұрақтануына, халықтың әлеуметтік жағдайының дұрысталуына атсалысты. Күн-түн демей еңбек етті.
Мемлекет орнату, оны қалыптастыру, баянды ету дейтін күрделі процеске қатысуды Алла кез келген кісінің маңдайына жаза бермеген. Біздер – сол бақытқа ие болғандармыз.
***
Тұңғыш Президент сайлауының штабын басқарудың, Елбасын тұңғыш рет таққа отырғызу рәсімін атқарудың, Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын, Қазақстан халқының форумын өткізудің, қазақ қазақ болғалы басына тіккен Ақорданың ашылу салтанатында баталы сөз айтудың маған бұйырғанын тарихтың пешенеме жазған несібесі деп санаймын.
Менің арманым – қазақ халқының басына енді бұлт үйірілмесе екен деймін. Қазақ халқы аз жылаған жоқ. Алла енді біздерді жылатпаса екен деймін. Осы алған бетінен, «Нұрлы жолынан» таймаса екен деймін. Біздің ұрпағымыз әлемдегі, жер бетіндегі тіршілік еткен халықтың ең бақыттысы болса екен деп армандаймын.