Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Әскери істер институтында студенттерге ашық есік күні өтті

27.10.2021 21:10

Оқытушылар майдан шебінде қолданылатын құрылғылармен және әдістермен таныстырды

Almaty.tv

Алматыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Әскери істер институтында бірінші курс студенттеріне «Ашық есік күндері» жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Шара барысында білікті оқытушылар майдан шебінде қолданылатын құрылғылар мен әдістерді көрсетіп, техниканы іске қосу барысында сақталуға міндетті тәртіппен таныстырды.

«Басты мақсатымыз – еліміздің Отан қорғаушыларын әскери іске, әскери мамандыққа тарту. Яғни, болашақ Отан қорғаушылармызды тәрбиелеу. «Ашық есік» күнінде мақсатымыз – әскери кафедраның барлық оқу-материалдық базасын, әскери техника мен оқ-дәрінің үлгілерін болашақ студенттерге паш ету, соларды оқуға қызықтыру», - деді Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ әскери істер институты Мемлекеттік тілді дамыту және аударма бөлімінің жетекшісі Сәуле Мұханова.

Іргетасы 1940 жылдары қаланған әскери институтта бүгінде егеменді елдің 1 мыңға жуық студенті тәлім алып жатыр. Ал олардың білімді де, білікті болып тәрбиеленуіне жоғары деңгейдегі дайындықтан өткен 30-ға жуық әскери қызметкер жауапты. Студенттер тәжірибе жүзінде даярлануы үшін әскери институт техника жағынан да толық қамтамасыз етілген.  

«Қағаз жүзінде емес, іс жүзінде де өзіміздің кіші полигондарда, осы кафедрада дайындықтарды көрсетеміз және үйретеміз. Студенттеріміз аптасына 1 рет сабаққа келеді, сондықтан тәжірибе түрінде көбірек дайындық жүргіземіз», – деді Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ әскери істер институтының оқытушысы Рыскелді Жұмабеков.