Фотожурналистика майталманы Нұрманбет Қизатұлының альбом-кітабы жарық көрді

Almaty.tv
Almaty.tv
Кітап тұсаукесері ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен және автордың 80 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Ұлттық кітапханада фотожурналистика саласының майталманы Нұрманбет Қизатұлының «Жан шуақ» атты фотоиллюстрациялық альбом-кітабы жарық көрді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Кітап тұсаукесері ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен және автордың 80 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Оқырман қауымға Қазақстанның соңғы 60 жыл бойындағы тарихын фотосуреттер арқылы жеткізетін фотожинақтан қас-қағым сәттің қас шебері, нағыз шығармашылық шабыт иесінің бойындағы бар таланты мен дарынын аңғаруға болады.  

«Сапарға шыққан сайын керек болып қалады-ау деп, қажетті суреттерді жинақтап жүргенмін. Мінекей, 80 жылдығыма орай, жанашыр жандар табылып, кітабымды жарыққа шығарды», – дейді ҚР фотоөнерінің қайраткері, фототілші Нұрманбет Қизатұлы.

Алғашқы еңбек жолын «Еңбекші» газетінен бастаған Нұрманбет Қизатұлы жастайынан осы салада жұмыс істеп, тер төгіп, фототілшіліктің қызығы мен шыжығын бастан өткерген. Іс-шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері автордың фотожурналистика саласына сіңірген еңбегін атап өтті.   

«Ағамның көп қыры бар. Ағам осы қанша жасқа келгенге дейін елгезектігінен еш танған емес. Сондай-ақ әзілқойлығы өз алдына бөлек әңгіме. Ол кісі артында мол мұра, үлкен із қалдырды, жастардың тәрбиесіне, жастардың рухани байлықта өмір сүруіне ықпал етті», – деді Жамбыл ауданының мәслихат хатшысы Саят Жұрын.

Новости партнеров