Әнші Димаш Құдайберген қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
"Құрметті отандастар! Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіз ел болғанымызға биыл 30 жыл толып отыр. Рухы биік, намысы берік ұлтымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты — азаттықты аялау, халқымыздың татулығын сақтау – біздің басты мұратымыз. Бостандық пен еркіндіктің бастауы саналатын осы салтанатты күні баршаңызға игілік пен бақыт, бақ-дәулет, ырыс, несібе тілеймін", – деді әнші бейнеүндеуінде.
Ол қазақстандықтарға ел дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбегіне табыс, барлық бастамасына сәттілік тіледі.
"Бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болсын, ағайын! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай! Ұлттық, мемлекеттік рухымыз асқақ болғай!" – деді Құдайберген.