Мемлекет және қоғам қайраткері Сағындық Кенжебаев ғалым ғана емес, майдан даласында асқан ерлік көрсеткен батыр
Алматыда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай көрнекті ғалым Сағындық Кенжебаевтың құрметіне мемориалдық тақта орнатылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Рәсімнің салтанатты ашылуына қайраткердің замандастары мен ғалымдар қатысып, ұлтқа еңбегі сіңген тұлғаны еске алды.
Ескерткіш тақта Абай даңғылының бойындағы белгілі ғалымдар мен зиялылар қауымы өмір сүрген үйдің іргесіне қағылды.
«Бұл үйдің өзі – тұнған тарих. Себебі мұнда қазақ жазушылары, есімдері ел есінде және тарихта қалған тұлғалар өмір сүрді. Соның бірі – менің әкем. Бүгінде ол кісінің есімі қайта ұлықталып жатыр», – деді С.Кенжебаевтың қызы Сәуле Кенжебаева.
Мемлекет және қоғам қайраткері Сағындық Кенжебаев ғалым ғана емес, майдан даласында асқан ерлік көрсеткен батыр. Ол 17 жасында сапқа тұрып, 1941-1945 жылдардағы соғыста жауға қарсы тойтарыс бергендердің бірі. Кейін өмірлік жолын ғылымға арнап, қазақ өркениетінің дамуына өз үлесін қосқан азамат.
«Батыр болған бабамнан ел қорғауды үйрендім, ару болған анамнан ар қорғауды үйрендім»деп, бұл кісі ата-баба жолын жалғастырып, елдің ар-намысын қорғаған адам», – дейді Бостандық ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамит Біржанов.