Бүгін «Алатау креатив хабта» қазақ зиялылары жиналып, түрік елінің сәлемдемесін қабылдап алды
Халықаралық «ТҮРКСОЙ» басылымдары шығарған 2000 дана кітап Түркиядан Алматыға әкелінді. Игі бастама егемендіктің 30 жылдығына орайластырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін «Алатау креатив хабта» қазақ зиялылары жиналып, түрік елінің сәлемдемесін қабылдап алды. Енді мегаполистің кітапханалары 24 автордың еңбегімен толықпақ. Тарту етілген кітаптар арасында үш тілде жарияланған «Абай», «Үш Арыс», «Олжас Сулейменов», «Шыңғыс Айтматов», «Қалам мен қағаздың махаббаты» сынды еңбектер бар.
«Шара үшін бізге көмектескен Алматы әкімдігі мен Мәдениет басқармасына рахмет айтқымыз келеді. Енді біздің шығарған кітаптарымызбен таныс болады. Бұл кітаптар тек Қазақстан үшін емес, барлық түркі дүниесі үшін маңызды деп ойлаймыз», – деді Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының басқарма басшысы Санжар Мүләзімоғлы.
«Алматы кітапханасының қоры осындай бай кітаптармен толықтырылғаны құтты болсын! Бұл – оқырмандар іздеп барып оқитын қазыналар», – деді ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
Айта кету керек, Алматы қаласында 24 кітапхана бар. Бүгінде оның жиырмасы заманауи талапқа сай модернизацияланған. Келесі жылы бұл көрсеткіш 100 пайызға жетпек.
«Модернизация Алматы қаласының тұрғындары арасында кітап оқитындар санының артуына себепші болды. Модернизацияға дейін келген адамдардың санынан гөрі, кітапханаға қазір келетін адамдардың саны үш есе көбейді», – деді Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.