«Қарадала – қараөлең» атты кеш Жазушылар одағында өтті
Қазақ әдебиеті тағы 3 кітаппен толықты. Жазушылар одағында өткен «Қарадала – қараөлең» атты поэзия кешінде ақын Айгүл Жұмаділ, Самал Зікірияқызы мен Жазира Бақаевалардың алғашқы жыр жинақтары жарық көріп, жұртшылыққа таныстырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үшеуі де мектепте Тәуелсіздік ұрпақтарын тәрбиелеп, мұғалім боп қызмет етеді. Одан бөлек, зиялы қауым өкілдері мен өнер майталмандары бас қосқан жиында кітаптың шығуына демеушілік танытқан мемлекет қайраткері Сәт Тоқпақбаевқа шапан жабылды.
«Айгүл мен Жазираның кітабы тек поэзиядан тұрады. Менің кітабымның алғы бөлімі поэзиядан прозаға жалғасады. Сәуле тәтем сияқты мен де өзімді поэзия мен прозаны қатар қаламыма іліктірген қаламгермін деп білемін», – деді ақын Самал Зікірияқызы.
Жоба ұйымдастырушылары алдағы уақытта шығармашылық жолда жүрген басқа да жас ақындарға қолдау көрсетіп, туындыларының жарыққа шығуына атсалысатынын айтады.
«Проза саласында қыздар аз. Ал поэзияда жақсы ақындарымыз көп. Сол ақын қыздардың еңбегінің тұсауын кесіп жатырмыз. Бұл – олардың алғашқы жыр жинақтары. Ақ жол тілейміз. Аспантаудай биік, қара даладай кең болсын деп, арнайы кітапхана ашып жатырмыз», – деді жазушы Сәуле Досжанова.