Алматыда белгілі суретші Қайырбай Зәкірұлының көрмесі ашылды

10.09.2021 21:25

Суретшінің соңғы екі жылда орындаған жұмысынан тұратын бұл көрме – туған өлкенің шежіресі іспеттес

Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында белгілі суретші Қайырбай Зәкірұлының көрмесі ашылды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған  экспозициядан туған өлкенің өткені мен бүгінін ерекше көріністе тамашалауға болады, деп хабарлайды Almaty.tv

Өмір мен өнерді марафон деп қабылдайтын қылқалам шебері туындыларында уақыт пен сезімнің трагедиясын көрсетуге тырысады. Суретшінің соңғы екі жылда орындаған жұмысынан тұратын бұл көрме туған өлкенің шежіресі іспеттес. 

«Ашылған көрме тақырыбы «Минотаврлар заманы» деп аталады. Туындыларға, композицияларға қарасыңыздар, әрине, біздің күнделікті көріп жүрген, нақты реалистік бейнені көрмейміз. Бұл жерде мистикалық бейне. Бүгінгі күннің шындығын, соның ішінде, адамның құндылығының жоғалуы, уақыт пен сезімнің трагедиясын бір мысқылмен, сарказммен көрсетеді», – деді Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайының графика және мүсін секторының жетекшісі Самал Мамытова.

Мұражайдағы жаңалықтар мұнымен тоқтаған жоқ. Ресейлік жас қылқалам шебері Юлия Вирко Work in Progress көрмесін халық назарына ұсынды. Өзінің алғашқы жеке көрмесі арқылы автор көрерменді шығармашылық үдеріске енуге шақырады. Экспозиция «визуалды» лабиринт дегенді білдіреді. Лабиринттің сыртқы периметрі суретші жұмысының «нәтижесін» көрсетсе, ішкі бөлігі «Үдеріс» автордың сезімдерін жүзеге асыратын туындыларының жасалу барысын паш етеді.  Көрме суретшінің әр жылдардағы кескіндемелік жұмыстарын біріктіреді.