Алматының дамуына бәрі де алаңдайды. Бәрі де өз үлесін қосқысы келеді
Алматы – білім, ғылым, мәдениет орталығы. 90 жылдары елімізде 65 жоғары оқу орны болса, егемендік алған 30 жылда олардың саны 125-ке жеткен. Бір ғана Алматыда 39 жоғары оқу орны болашақ кәсіби мамандарды даярлауда. Ел Тәуелсіздігінің алтын бесігі саналатын ару қаламыздың білім саласында жеткен жетістіктерін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры Тілектес Исабайұлы ерекше мақтанышпен айтады. Бүгін қала әкімінің орынбасары, қоғам белсенділері, мәдениет қайраткерлері, сарапшылар, кәсіпкерлер қатысқан «Тәуелсіз Қазақстан: Жасампаздыққа толы жылдар» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында шаһарымыздың сан салада дамуы сөз етілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Алматы қаласындағы жоғары оқу орындары әлемдік рейтингке биыл 10 оқу орны кіріп отыр. Оның 8-і Алматы қаласында. Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының әлем талаптарына сай, білім, ғылым деңгейінің жоғары екенін айтқым келіп отыр», – деді Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры Тілектес Есполов.
Ақын-жазушылар да өз шығармаларында осы Алматыны жырлаумен болды деген ақын Ұлықбек Есдәулет қаламызда 400 жазушы тұратынын, жазылып жатқан шығармаларының барлығы да еліміздің тарихына арналатынын айтады. Жазушылар ұлттың өкілдері ретінде, мәдени жүгін арқалаушы, мүддесін көздеуші, жолын жоқтаушы, руханияттың шырақшысы ретінде осы қаламен біте қайнасып келе жатқандығын тілге тиек етті.
«Бұл бүгінгі және келер ұрпағының өсіп-өнуіне өз тәрбиесін береді. Шығармалар туындар жатыр деп мен айтар едім. Алматы – әр жазушының жүрегінде. Әр жазушының жүрегінің төрінде салтанат құрады. Сондықтан Алматының дамуына бәрі де алаңдайды. Бәрі де өз үлесін қосқысы келеді», – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.