Алматы облысына қарасты Жамбыл ауылының төрінде ақынның 175 жылдығы қорытындыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев пен Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова бастаған топ өкілдері ақын ескерткішіне гүл қойып, тағзым етті. Ауылға арнайы келгендердің қатарында көршілес Қырғыз Респубикасының делегациясы да бар.
Жамбыл Жабаевтың мұражайымен танысқан қонақтар ақын мұрасы екі елге ортақ құндылық екенін айтты.
«Алып ақынымыз Жамбыл атамыздың 175 жылдық мерейтойы ерекше көңілмен өткізіліп жатты. Жыл сайын ғылым, білім, мәдениет, әлеуметтік, ағартушылық салаларында 500-ден астам шара өткізілді», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.
Одан бөлек, ел ағалары Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында 30 жас буын өкілімен кездесті. Түрлі салада айтулы жетістікке жетіп жүрген азаматтарды мемлекеттік хатшы Президент жанынан құрылатын креативті даму қорына жоба ұсынуға шақырды. Өз кезегінде жырдан шашу шашып, күй төгіп, ән айтқан жастар жауапты тұлғаларға бірқатар ұсынысын да жеткізді.
«Жалпы, жас қаламгерлерді насихаттау жөнінде Ұлттық арнадан Азия дауысы сияқты әншілерімізді әлемге танытатын жобалардың жүзеге асырылуы барысында түрлі ұсыныстар айтылды. Оған мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі деп ел ағалары уәде берді», – деді ақын Бауыржан Әлқожа.