Қазақстандықтардың 86 пайызы қазақ тілін біледі – Мәулен Әшімбаев

15.10.2021 21:49

Тәуелсіздік жылдары қала халқының саны 9 млн-нан 11 млн-ға дейін артқан

Almaty.tv

Қазақстандықтардың 86 пайызы қазақ тілін біледі. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан әлеуметтанушыларының VII конгресінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

М. Әшімбаевтың атап өтуінше, урбанизация қазақстандық қоғамның әлеуметтік стратификациясына ықпал ететін маңызды трендтердің бірі саналады. Тәуелсіздік жылдары қала халқының саны 9 млн-нан 11 млн-ға дейін артып отыр.  

«30 жылдың ішінде елдің демографиялық бейіні, халықтың этникалық құрамы өзгеріп, жаңа тілдік орта қалыптасты. Қазақ тілін білетін халықтың үлесі 86 пайызға жетті. Бұл ретте қазақстандықтардың 92 пайызы орыс тілін біледі. Біз – жас ұлтпыз. Қазақстандықтардың орташа жасы шамамен 32-ні құрайды. Сонымен қатар өмір сүру ұзақтығы да ұзарып келеді», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Жиында әлеуметтанушылардың Қазақстан дамуына маңызды үлес қосып жатқаны айтылды. 30 жыл бойы әлеуметтік зерттеулер еліміздің барлық маңызды қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық түрленуін қамтамасыз етті. Қазіргі кезде де мемлекеттік саясатты әлеуметтік сүйемелдеу қажеттілігі артып отырғаны сөз болды.  

«Жалпы, қазіргі жаһандану жағдайында бүкіл әлем мен Қазақстанда болып жатқан өзгерістер бір-бірімен тығыз байланысты. Оның ішінде, отбасындағы моральдық тұрғыдан зорлық-зомбылық мәселесі өте өзекті болып отыр. Халықтың тұрмыс-тіршілігі де, жұмыссыздық та өте өзекті. Әлеуметтанушылардың 7-ші конгресінде көтерілген мәселенің бірі – азаматтық қоғамды құру мәселелері», – деді әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ профессоры Гүлнафис Әбдікерова.