Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері Жапония елімен берік экономикалық саяси қарым-қатынас орнатқаны белгілі. Осы орайда Almaty.tv тілшісі Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Джун Ямадамен сұхбаттасқан еді.
– Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бірқатар қиындыққа тап болды, сол кезде алғашқылардың бірі болып Жапония көмекке келді. Қазіргі таңда бұл саяси қарым-қатынас қандай деңгейде?
– Алдымен «Алматы» телеарнасына осы сұхбат үшін шынайы алғыс айтқым келеді! Жақында мемлекеттеріміздің арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанының 30 жыл болады. «30 жыл» – үлкен тарихтың бір парағы. Қазақстан үшін де, Жапония үшін де шын жүректен тойлануы керек мерейтойлы кезең. Қазақстан осы 30 жылдың ішінде айтарлықтай дамыды. Әлемдегі көптеген елдің ішінде толағай табыстарға қол жеткізген мемлекет деп айта аламын. Осы уақыт аралығында Жапония Қазақстанға жақын мемлекет ретінде мүмкіндігінше көмек көрсетіп келді. Сондықтан Қазақстанның жетістігі Жапония үшін де өзінікі секілді қуанатын жайт. Келесі жыл екі мемлекеттің осы күнге дейінгі тарихын еске алып, мерейтойды тойлаумен қатар, алдағы 30, 50 жылдың жоспарын құруға жақсы мүмкіндік болады.
– Бізде осы қарым-қатынастарды ары қарай дамыту үшін қандай салаларда әлеумет басымырақ?
– Біз Қазақстан Үкіметі басымдық беріп жатқан бағыттарына құрметпен қарап, Жапонияның қаншалықты пайдасы болатыны туралы кезекпен қарастырамыз. Қазір коронавирустан бастап әлемде жаңа мәселелер туындап жатқандықтан, Қазақстан сияқты жетістіктерге жетіп, халықаралық қоғамдастықтың құрметіне ие болған мемлекетпен Жапонияның қарым-қатынасы тек екі ел аралық қатынаспен ғана шектелмей, жаһандық мәселелерде де бірге әрекет жасайды деп үміттемін. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, Семей ядролық полигоны тудырған залалды жақсарту үшін Хиросима және Нагасакиден бастап, әртүрлі маман 30 жыл қарым-қатынасын жалғастырып келеді. Бұл мәселе екі мемлекеттің арасындағы мәселе ғана емес, барша адамзат әрекет етуі тиісті ең үлкен проблемалардың бірі. Сондықтан ядролық қаруды толық жою жөніндегі әрекетті жалғастыру, әрине, ең маңызды мәселе. Жақында өткізілген БҰҰ-ның COP26-де көтерілген қоршаған орта мәселесі де, әрине, барша адамзатқа қатысты аса өзекті мәселе. Расында да, адам денсаулығы мен медицина қазіргі пандемия кезінде бізді ерекше толғандырып отыр. Бұл бойынша Қазақстан бүкіл әлем үшін үлес қосуға ұмтылады деген сенімдемін. Біз де бұл процестің арқасында Қазақстанмен бірге тығыз қарым-қатынасымызды жалғастырамыз деп үміттенемін.
– Қазіргі таңда Жапония мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы қандай деңгейде?
– Тауар айналымы соңғы 30 жылда тұрақты өсіп келеді. Бүгіндері Қазақстан Орталық Азияның 5 мемлекетінің ішінде Жапония үшін экономикалық қатынастардағы басты серіктес болғандықтан, әрине, бұдан былай да одан ары дамыта түссек деймін. Алайда, 2 жылға созылған коронавирус індетіне байланысты өкінішке қарай, сауда көлемі төмендеп кетті. Бұл тек біздің екі ел арасындағы ғана емес, бүкіл дүниежүзінің басындағы мәселе. Ең бастысы, осы пандемияны жеңіп, 2 жылдық сауда көлемін қалпына келтіруде бірігіп қандай әрекет жасауымыз керек екенін ойлануымыз керек деген ойдамын.
– Екі ел ядролық қаруды таратпау мәселесіне көп көңіл бөлетіні белгілі. Осыған қатысты сіздің ойыңыз қандай?
– Өздеріңіз білетіндей, соғыс кезінде Жапонияда ядролық қару қолданылу жағдайы тек Хиросима мен Нагасакиде болды. Мұндайды бастан өткізу ешқашан ұмытылмайды, есте қалады. Жаңа айтып өткенімдей, Қазақстан да 40 жылға созылған Семей ядролық полигоны тудырған ауыр әсерді басынан өткерді. Сондықтан осы мәселені шешу жолында мемлекеттеріміз тағдырлас егіз ағайындылар сияқты бір жолды жүріп келді деп ойлаймын. Мұны іске асыру, әрине, маңызды, сондықтан оны кейінге қалдыруға болмайды. Бірақ бұл өте күрделі әрі қиын мәселе болғандықтан, біраз уақытты қажет етеді. Сондықтан ең бастысы, берілмей жалғастыру маңызды деген ойдамын. Қазір, Қазақстан халықаралық қоғамдастықпен бірге белсенді түрде жұмыс жасауда. Осы тұрғыдан алғанда біз Қазақстанға зор құрметпен қараймыз. Екі мемлекет әр түрлі мүмкіндіктерді қолданып, соның ішінде ЯҚТШ-ты (Ядродық қаруды таратпау туралы шарт) реформалау арқылы тығыз байланыста жұмыс істеуі бүкіл әлем үшін маңызды деп ойлаймын. Өзіңіз айтқандай, барша адамзат үшін аса күрделі мәселе, оны шешудегі әрекетті жалғастырып, екі мемлекет қолдан келгенді аямай тер төгуі керек деп ойлаймын.
– Қазақстан соңғы жылдары IT, инновациялық технологиялар, коммуникация салаларына көп көңіл бөліп жатыр. Бұл сала бойынша Жапония озық тұрғаны белгілі. Дегенмен екі ел осы бағытта қандай әріптестік орнатуы керек?
– Осылай Жапонияға жоғары баға берілгені қатты қуантады, алайда күн сайын жаңа технологиялар пайда болып жатқандықтан, қай уақытқа дейін Жапония жоғарыда болатыны алаңдатпай қоймайды, бұл бар күш-жігермен жалғастырылуы қажет сала деген ойдамын. Жаңа сала болғандықтан, Жапония мен Қазақстан арасында қазірге дейін болмаған әртүрлі жаңа идеяларды жүзеге асыруға болады. Үлкен мүмкіндік бар екеніне сенімдімін. Өткен аптада Алматыда 2-3 күн іссапармен болған едім. Өзіңіз білетіндей ол жақта бірегей, керемет «Hi Tech Academy» жаңа мектеп бар. Сол мектеппен кеңінен танысып көруге мүмкіндігім болды. Мектепті көргенде шынымен де таңырқап, қазірдің өзінде әлемдегі ең мықтысы емес па деп ойлайтындай жоғарғы деңгейде, кішкентай балалардан бастап, әртүрлі жастағыларға арналған сабақ мазмұны ұйымдастырылған екен. Бұл мектептен болашақта үлкен үміт күтуге болады. Қазақстанның әр жерінде осындай талантты жастар көп деп ойлаймын.
– Жапондық кәсіпкерлер Қазақстанның қандай салаларына қызығушылық танытып отыр?
Жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін, Қазақстанның көптеген амбициялық бизнесмендерінің Жапонияға келгенін қалаймыз. Әрине, ол үшін, ең керегі – тікелей рейстің болуы. Пандемияның алдында, SCAT әуекомпаниясының Нұр-Сұлтан мен Токио арасында тікелей рейсті ашуы қуанарлық жаналық болған еді. Алайда артынша пандемия басталып, бұл рейс тоқтап қалған еді. Бұл мәселе аяқталғаннан кейін, тікелей рейсті қайта жалғастырамыз деп үміттенемін. Осыған қоса айта кетейін дегенім, бұл менің жеке қалауым, тек Нұр-Сұлтан қаласынан ғана емес, Алматы қаласынан да Токиоға, Жапонияның басқа қалаларына да тікелей рейс ұшса, шексіз қуанышты болар едім. Тіпті бизнес ортаның белсенділігін арттыру үшін алдымен адамдардың келіп-кету, бір-біріне қонаққа баруы өте маңызды. Адамдар арасындағы осындай алыс-берісті дамытуға біз де өз күшімізді салатын боламыз. Тағы бір қуанышты жаңалық туралы айтып кетсем. Қазақстанда жылқы еті өте маңызды тағамдардың бірі. Былтыр қазақстандық жылқы еті тұңғыш рет Жапонияда импортталып, жақсы бағаланып жатыр. Бұл жаңалық та екі ел үшін жақсы нышан болады деп ойлаймын. Тіпті, Жапонияның өзінде кейбір аймақтарға барсаңыз, жылқы етін жеу дәстүрі бұрыннан бар. Осы жағынан алып қарасақ, Жапония мен Қазақстан арасында ата-бабаларымыздан келе жатқан бір ерекшелік бар сияқты болады.
– Жапонияда қазақстандық бизнес үшін қандай мүмкіндіктер жасалған?
– Қазір де Жапонияның сауда палатасы белсенді әрі маңызды ұйым болып табылады. Көп компаниялардың кеңселері Алматы қаласында орналасқан. Біз де мүмкіндігінше осы жақтан (Нұр-Сұлтаннан) Алматыға жиі барып тұрамыз. Салаларға келетін болсақ, мұнай мен газ өндіру, табиғи апаттардың алдын алу, азық-түлік салалары бойынша соңғы 30 жылда екі ел арасындағы перспективті салалар қамтылып келеді. Біздің мемлекеттеріміз дамып өсуде, әсіресе Қазақстанның дамуы қарқынды. Сондықтан бүгінгі күнге дейін қолданылып келген үлгімен шектеліп қалудың қажеті жоқ. Біз әрқашан жаңа бағыттарды қарастырып, 30 жылдық тарихи мүмкіндіктің арқасында болашақтағы бағдарымызды ойлауымыз керек. Екі мемлекет көшбасшылары телефон арқылы сөйлесумен қоса, тұрақты түрде жақсы пікір алмасуды жалғастыруда. Экономика бағытында екі мемлекет арасындағы үкіметаралық комитеті де жұмысын жалғастырып жатыр. Қазір пандемияға байланысты уақытша тоқтап тұрғанымен, пандемия аяқталғаннан кейін қайта қалпына келеді деген ойдамын. Одан әрі болашақ мақсаттар жолында жүреміз деп үміттенімін.
– Халықаралық аренадағы Қазақстанның рөлі қандай?
Қазақстанға өте жоғары баға бере аламын. 30 жылдық тарихи кезеңнің ішінде осылай халықаралық мәртебесін көтерген елдер көп емес деген ойдамын. БҰҰ-ның Нью-Йорктегі болсын Женевадағы болсын әр халықаралық форумдарында Қазақстан әрдайым көзге түседі. Осылай дипломатиялық қатынасымызды болашақта да жалғастыра береміз деп сенемін. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның елдің қазіргі Президенті – мінсіз тұлға. Қазақстанның дипломатиясын осындай дәрежеге жеткізген адам ел тізгінін ұстап отырғандықтан, бұндай бақытты мемлекет аз деген ойдамын.
– Сізге Алматы қаласының қай жерлерінде қыдырған ұнайды?
– Әрине, қазір астана Нұр-Сұлтан қаласы болғанымен, Алматы – қазақстандықтар үшін жүрек түкпірінен орын алған мекен әрі айырықша жер екені сезіліп тұрады. Осындай екі қаланың болуы сол ел үшін қуанарлық жайт деп ойлаймын. Біз 15-16 жыл бұрын осы жаққа (Нұр-Сұлтан) келіп, қазір Алматыда офисіміз жоқ болғанымен, жиі іссапармен барамыз. Ал өзіме келер болсам, ылғи қуана-қуана Алматыға барып тұрамын. Алматы қаласы экономикалық тұрғыдан өте маңызды жер болғандықтан, мүмкін болса, Елшіліктен тыс біреу әрқашан сол жақта болуы керек деген ойым бар. Пандемия аяқталғаннан кейін, әр түрлі мүмкіндіктерге жол ашылады. Туризм жағынан да Жапониядан көп туристер келсе оған таң қалмаймын. Жапондықтар ыстық бұлақтарды жақсы көреді. Таңғажайып көріністерімен қоса ыстық су көздері де бар Алматы қаласы орталығы болып, осылайша жаңа туристтік бағытқа айналдырылып, ол жақтан тікелей рейс ұшатын болса, бірте-бірте мүмкіндіктерге жол ашыла бастар еді. Шынымен де, асыға күтетін сәт.
– Биыл Қазақстан Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толды. Соған байланысты Қазақстан туралы өзге елдермен салыстырмалы түрде айтып өтсеңіз?
Басқа елдермен салыстырудың әрине, қиындық тудыратын жақтары болғанымен, әр мемлекет үшін тәуелсіздік – маңызды да баға жетпес құндылық. Сондықтан, тәуелсіздікке қол жеткізу – ұлы жеңіс. Әр мемлекет қолынан келгенін аянбай, одан әрі бар күш-жігерін салады. Басқа елдермен салыстырайын деген ойым жоқ, бірақ жеке мен үшін Қазақстан өзге мемлекеттерге қарағанда үлкен жетістікке, үлкен арманға қол жеткізді деп айта аламыз. Шын жүректен құттықтағым келетін жайт. Сондықтан Қазақстан басқа елдерден де толайым табыстарға жетумен қатар, онымен бөлісіп, аймақтың көшбасшысы бола алатына сенімдімін. Іс жүзінде де сол бағытқа бет бұрып келеді. Әлемдегі басқа мемлекеттерді қарап отырсақ, 30 жылдың ішінде осындай даму мен өркендеуге қол жеткізген елдер көп емес. Қазақстан үшін оны әрі қарай жетілдірумен қоса, алған тәжірибесін басқа елдермен бөлісіп, жүзеге асырса, керемет болар еді.
– Қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап өтсеңіз?
– Жапонияның Үкіметі мен халқының атынан, барлық қазақстандықты шын жүректен құттықтаймын. 30 жылдық жол дегеніміз шынымен қалай ойласыңыз да тарихта қалатын алтын парақ. Көшбасшының көрегендігі де керемет әрі оны әрбір азаматтың қабылдап, бірге талпынған еңбектерінің жемісі деп ойлаймын. Осы жағынан да шын жүректен құттықтағым келеді. Жапония мен Қазақстан алдағы уақытта да иықтасып, бір жолмен жүреді деген ойдамын.