Мереке алдындағы күндері ӘМАТ бағасының өсуіне жол бермеу үшін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымовтың төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сататын ірі сауда желілері мен дүкендердің («Магнум», «Small», «Тоймарт», «Carefood», «Metro», «Столичный», «Юбилейный», «Дастархан фуд» және т.б.) өкілдерімен кеңес өткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кеңес қорытындысы бойынша Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы, «Алматы «ӘКК» АҚ және кәсіпкерлік субъектілері арасында қант пен жұмыртқа жеткізуге меморандумдар жасалды. Бүгінгі күні тікелей жеткізілімдерді ұйымдастыру есебінен «Столичный», «Юбилейный», «Дастархан фуд» дүкендерінде қант бағасының 324 теңгеден 287 теңгеге дейін, «Small», «Metro», «Carefood», «Тоймарт» дүкендерінде 320 теңгеден 280 теңгеге дейін төмендеуі қамтамасыз етілді.
Жұмыртқа (1 санат) жеткізуді ұйымдастырудың арқасында «Столичный», «Юбилейный» дүкендерінде бағалар 480 теңгеден 420 теңгеге дейін, «Carefood» желісінде - 440 теңгеге дейін төмендеді. Қаланың ірі базарларындағы «Әлеуметтік дүкендерде» бағаны тұрақтандыру үшін картоп бағасы 111 теңгеге дейін және сәбіз бағасы 120 теңгеге дейін төмендеді. «Тоймарт» сауда желісінде картоп бағасы 199 теңгеден 179 теңгеге дейін төмендеді. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың соңына дейін «JLC» желісінде сүт пен айран бағасын 3 теңгеге (250 теңгеден 247 теңгеге дейін) төмендету бойынша келісімге қол жеткізілді.
Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу жөніндегі кеңестер апта сайын өткізіледі.