Батыр бабаларымыз бүкіл Еуразияда ат ойнатқан қуатты мемлекеттер құрды. Бұл туралы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Egemen.kz-ке сілтеме жасап.
«Тағдыр тауқыметі ұлтымыздың жүрегінен азаттық рухын өшіре алмады. Қазақтың қайсар ұл-қыздары қашанда елді бостандыққа үндеп, жігерін жани білді. Біздің мемлекеттілік тарихымыз көне заманнан бастау алады. Бір кезде бөрілі байрақ көтерген көк түріктер мәңгі ел болуға ұмтылды. Күлтегін мен Білге қаған туралы тастағы жазулар тарихымыздың тереңдігін танытады. Батыр бабаларымыз бүкіл Еуразияда ат ойнатқан қуатты мемлекеттер құрды», – деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысы бабаларымыздың сайын далада теңдесі жоқ көшпелілер өркениетін қалыптастырғанын атап өтті.
«Алып құрлықтың саяси-экономикалық даму барысына орасан зор ықпалын тигізді. Олар ұрпаққа асқақ рухын және өр намысын мирас етті. Баға жетпес мәдени мұрасы мен жауһар жәдігерлерін табыстады», – деді Мемлекет басшысы.