«Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Жастар жалыны» республикалық қоғамдық бірлестігі мен «Мұзбалақ» мүгедектер қоғамының ұйымдастыруымен «Керемет сәт» атты қайырымдылық ән кеші өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Іс-шара ерекше жандарды қолдау мақсатында 3 жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.
«Өмірге құштар, өмірдің өткел жолымен жүргісі келетін жастарға қолдау көрсету мақсатында осындай кеш ұйымдастырылып жатыр. Әрине, мұның бәрі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған. Осы тәуелсіз елдің ұрпағы аман болсын», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев.
Ерекше жандарға психологиялық және материалдық көмек көрсететін «Мұзбалақ» мүгедектер қоғамы өкілдерінің айтуынша, жиналған қор олардың еміне, қажеттіліктеріне жұмсалмақ.
«Алматы» телеарнасына алғысымды айтқым келеді. Себебі 3 жыл қатарынан өткізіліп жатқан шараға, қолдау көрсетіп жатыр», – деді «Жастар жалыны» республикалық ҚБ президенті Нұрсұлтан Асқарұлы.